Елорданың 20 жылдығына тарту ретінде ШҚО-лық тұрғын Астанаға дейін велосипедпен жүріп өтпек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорданың 20 жылдығына тарту ретінде ШҚО-лық тұрғын Астанаға дейін велосипедпен жүріп өтпек

02.07.2018

Елорданың 20 жылдық мерейтойына еліміздің тұрғындары да жеке тарту жасап жатыр. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданының тұрғыны Астанаға дейін велосипедпен жүріп өтпек. Мақаншыдағы «Қаракерей Қабанбай батыр қақпасынан» басталған жолдың ұзақтығы 1400 шақырым. Бүгін Павлодарға келіп жеткен шабандозбен тілшіміз Болат Аманбаев жолықты.

Семейден шығысымен велосипеді сынған Нұрлан Бейсенбаевты қосалқы көлігі құтқарып қалды. Павлодарға сонымен келді. Осы арада жөндетіп, біраз аялдамақ. Жоспары шілденің 6-сы күні Астанаға жету.

Нұрлан Бейсенбаев, саяхатшы:

- Үш жыл дайындалдым. Ара қашықтық 1400 шақырым. 10 күнде өтемін деп жоспарлағанмын. Үштен екісін өттім ғой. Жоспарлаған уақытта жетемін.

Нұрлан Бейсенбаев еліміздің бас қаласына тарту ретінде спорттық имидждік жобаны өзі дайындаған. Жолшыбай жөн сұрасқан адамдарға Астананың құрылуынан бастап, бүгінгі дамуына дейінгі тарихын айтып береді.

Советқазы Нұрсилә, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Саламатты өмір салтын дәріптейтін үлкен акция деп ойлаймын. 53 жастағы Нұрлан Бейсенбаев бауырымыздың Астанаға 1400 шақырым жүріп бара жатқаны жастарға ой салады деп санаймын. Екінші, санадағы трансформация, адамдар теледидар алдында, әлеуметтік желіде емес, спортпен айналысады деген ой. Қазіргі тілмен айтсам, мотивация береді.

Әуесқой саяхатшы алдағы уақытта еліміздің бүкіл аймақтарын велосипедпен араламақ.

Нұрлан Бейсенбаев, саяхатшы:

- Жолда ылғи велосипедпен шетелдіктер жүреді. Соған халық үйреніп қалған. Мақаншыдан шыққалы біздің қазақтар да жүреді екен ғой деп, содан Аякөзге келгелі мына көк туды байлап алдым. Қуанып жатыр. Өзіміздің қазақ азаматтары велосипед мінеді екен ғой, неге бізге мінбеске, өз жерімізді неге араламасқа, Астананың 20 жылдығын неге дәріптемеске, неге бізге қуанбасқа-деп, 20 жылдыққа тарту ретінде кетіп бара жатырмын.

Велошабандоз күніне 150 шақырым жолды жүріп өтеді. Түнде тынығады. Енді межеге жету үшін елордаға дейін 450 шақырым бар.

 

Болат АМАНБАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу