Астана қаласының 20 жылдығы Мәскеу қаласында тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана қаласының 20 жылдығы Мәскеу қаласында тойланды

29.06.2018

Бүгін Ресей астанасында елорданың мерейтойына арналған, шет мемлекеттердегі ең ауқымды шара өтті. Оның аясында архитектуралық көрме, халықаралық конференция және мерекелік концерт ұйымдастырылды. Сонымен қатар, шараға қатысушылар, Мәскеудегі ВДНХ көрме орталығындағы қайта қалпына келтіріліп жатқан «Қазақстан» деп аталатын тарихи павильонының жаңғырту жұмыстарымен де танысты. Бұл нысан осы жылдың соңына қарай Астананың 20 жылдығы аясында ашылғалы отыр.

Мынау Астананың шағын макеті. Бұл жерде бас қаладағы әсем ғимараттар мен ерекше құрылыс нысандарының шағын бейнесі көрсетілген. Бұдан бөлек, елорданың өткен тарихы, қазіргі кескіні мен келешектегі келбеті де түрлі экспозицияларға қойылған. Астананың 20 жылдағына арналған шараға Қазақстан мен Ресейдің белгілі саясаткерлері, қоғам қайраткерлері мен архитекторлары қатысты. Олар Қазақ елінде іске асқан мегажоба - Астанамен жан-жақты танысты. Арихитектуралық көрмені Мәскеу қаласында өткізудегі мақсат та осы. 

Асқар Мәмин, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

- Петр І Еуропаға жол ашып, Ресейдің жаңа астанасы Петербургты салды, Ататүрік Түркияны жаңғырту үшін орталықты Стамбулдан Анкараға көшірді. Осындай мықты мемлекеттердің ғана қолына келген үлкен жобаны Қазақстан Президенті сәтті жүзеге асырды. Жаңа елорданың салынуы бүкіл еліміздің дамуына ықпал етті. Астана – құрылыс, энергетика, индустрия сынды салалардың дамуына тың серпін берді. 20 жылдың ішінде Астананың халқы 5 есе өсіп, елордамыз 1 миллион 200 мың адам тұратын ірі мегаполиске айналды.

Антон Силуанов, РФ Үкімет басшысының бірінші орынбасары:

- Астана дегеніміз – шынымен де сәтті іске асқан ірі мегажоба. Астанаға барған сайын қаланың қалай қарқынды дамып жатқанын көреміз. Астана - қазір үлкен іскерлік, қаржылық және мәдени орталыққа айналды. 20 жылдық мерейтойға арналған бұл шараның Мәскеуде өтуі тегін емес. Себебі, Ресей астанасы алғашқылардың бірі болып Астанаға бауырлас шаһар атанған. Біз Астананың ғана емес, тұтас Қазақстанның да ары қарай дами беруіне тілектеспіз.

Шара аясында Астананың архитектурасы мен қала құрылысына қатысты халықаралық конференция өтті.

Қос елдің вице-премьерлері бастаған мәртебелі меймандар ВДНХ көрме орталығындағы «Қазақстан» павильонын жаңғырту жұмыстарымен де танысты. Алғаш рет 1937 жылы салынып, 1954 жылы сәулеті өзгерген бұл нысан Кеңес одағы кезінде Қазақстанның халық шаруашылығындағы жетістіктерін көрсететін көрме орталығы болған. Кейін Одақ тарап, қараусыз қалған павильон енді Президенттің тапсырмасы бойынша қайтадан жаңғырып, тарихи келбеті толық қалпына келтіріліп жатыр.

Сергей Забира, құрылыс компаниясының жетекшісі:

- Кезінде бұл павильонның күмбезі бұзылып, қабырғадағы бедерленген суреттері өшіп, тек төртбұрыш қорабы ғана қалған еді. Қысқа уақыттың ішінде ғимараттың күмбезі, сыртқы ою-өрнегі, мүсіндері, колоннасы түгелдей қалпына келтірілді. Павильонның ішіндегі жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл енді ВДНХ-дағы ең әдемі нысанның біріне айналады. Мұнда келген адам павильонды көрген кезде өзінің Қазақстан азаматы екенін мақтан тұтатын болады.

Павильонды аралаған қонақтар шағын қазақ ауылында болып, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесін тамашалады. Тіпті еліміздің символы саналатын қыран құсты да қолына қондырып көрді.

Қазақстан павильонындағы жаңғырту жұмыстары Астананың 20 жылдығы аясында осы жылдың соңына қарай толық аяқталып, ресми түрде ашылады. Алайда, бұл орталық қазірдің өзінде Тәуелсіз Қазақ елінің, оның орталығы Астананың күш-қуаты мен айбынынан хабар беріп тұр. 

Валерий Симонов, «Труд» газетінің бас редакторы:

- 20 жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде ресейлік журналистермен кездескенде жаңа Астана салу туралы жобаның бар екенін айтқан еді. Ол Ресейге де, Қазақстан үшін де өте қиын кезең еді. Сондықтан, біз бұл идеяның іске асуы мүмкін емес, фантастика деп қана қабылдадық. Ал, қазір қарасақ, Астана сол жоспардан да керемет болып салынды. Қазір жақын ел ретінде, көрші ретінде Астанамен ресейліктер де мақтанады.

20 жылдың ішінде Астана әсем қалаға айналды. Бұл күндері әлем таныған Астана – еліміздің ғана емес, бүкіл әлемнің саяси, экономикалық, ғылыми, һәм мәдени орталықтарының бірі саналады. Бұл біздің емес, бүгінгі шараға қатысқан ресейлік қайраткерлердің ортақ пікірі.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу