«Altai» телеарнасына 60 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Altai» телеарнасына 60 жыл

15.05.2018
«Altai» телеарнасына 60 жыл

Биылғы наурыз айынан бері еліміздегі бүкіл Қазақ телеарналары 60 жылдық мейрамды атап өтуде. Кезек «Altai» телеарнасына да келіп жетті. 1958 жылдың 16 наурызында Өскеменде бірінші рет телевизия сигналы берілді. Содан бері Шығыс Қазақстан облысындағы телеарнада мыңдаған адам жұмыс істеп, ақпарат саласын дамытуға зор үлес қосып келеді.

Бүгінде «Qazaqstan» РТРК» АҚ-ның «Altai» филиалы Президент Н.Ә.Назарбаевтың көреген саясатын халыққа жеткізу жолында үздіксіз еңбек етіп, мемлекеттің даму жолдары мен жетістіктерін, Үкімет пен Парламент жұмыстарын насихаттап, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналды.

Телеарнаның 60 жылдығына орай эфирде көрсетіліп жатқан жаңа хабарлардан тыс мерекелік шаралар да басталып кетті.

12 мамырда Өскемендегі БАҚ және мемлекеттік мекемелерден ұзын саны 50 шақты адам қатысқан «Пейнтбол» бәсекесі ұйымдастырылып, үздік шыққан үш команда марапатталды.

16 мамырда сынақ алаңында әскери ойын өткізіледі. Оған да әріптестер шақырылған. Онда да марапат бар.

Негізгі шара 18 мамырға жоспарланған. ШҚМУ ғимаратында түскі он екіде студенттерге арналған қазақ телевизиясының дамуы жайлы шеберлік сағаты өткізіледі. Ардагер журналистеріміз Н. Иманғалиұлы, Ә. Бөлебай, К. Әбенов, Т. Қаймолдинов бастаған бір топ ардагер дәріс-кеңес өткізеді. Осы мекемеде мұражай және телеорталықтың ашылу рәсімі болады.

«Altai» телеарнасының ғимаратында да телеэкспонаттар қойылған мұражай жаңадан ашылады.

Сондай-ақ, Өскемендегі «Неке сарайының» арнайы залында салтанаты кеш өткізіледі. Оған 500-ге жуық қонақ шақырылды. «Qazaqstan» РТРК» АҚ Төрағасы Е. Қарин бастаған бір топ лауазымды қызметкерлер мен Астана және Алматы қаласынан телевизия ардагерлері келеді.

Сонымен қатар, ШҚО әкімі Д. Ахметов бастаған өңірлік БАҚ саласының өкілдері мен шенеуніктер, «Altai» телеарнасының жүздеген ардагері мен әріптестер, телеарна ұжымы және ынтымақтаса жұмыс істеп келе жатқан мемлекеттік мекемелер мен зауыт-фабрикалардың өкілдері қатысады. Дастарқан барысында концерттік шаралар мен марапаттаулар болады.

Қазақ телевизиясының һәм «ALTAI» телеарнасының 60 жылдық мерейтойы құтты болсын!

Хабарламаларға жазылу