«Qostanaı» телеарнасының құрылғанына биыл 27 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qostanaı» телеарнасының құрылғанына биыл 27 жыл

19.03.2018

60 жылдығын атап өтіп жатқан қарашаңырақ – Қазақ телевизиясының дамуына бұл аймақтық арнаның да қосқан үлесі мол. Еңбек жолын осы жерден бастаған талай тілші мен таспагер қазір республикалық деңгейде танылып, қызмет етіп жүр. 

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

- Қазір мен Қостанай қаласының қақ ортасындағы ортасындағы Әл-Фараби даңғылымен келемін. Ал алдымызда көлденең жатқан Абай көшесі. Осы екеуінің қиылысындағы мына сауда орталығының орнында кезінде «Қостанай» кинотетары тұрған болатын. Облыстық арнаның ең алғашқы хабары 1991 жылы 1 ақпанда - тап осы жерде түсірілген.

Алғашқы сынақ хабарлары аптасына екі рет, 30 минут қазақ және орыс тілдерінде шықты. Бұл жаңалықтар мен шағын сұхбаттар болатын. Материалдар көрермендерге «Қазақстан» арнасының эфирі арқылы таратылды. Облыстық арнаның алдыңғы лек қызметкерлерінің бірі Күлтай Қамалқызы. Ол жұмысын жаңалықтар тілшісі міндетінен бастаған. «Айтарым бар», «Біздің елдің жігіттері» сынды аймаққа танымал хабарлардың авторы әрі жүргізушісі болды. Бүгінде бас редактор міндетін атқарып, шығармашылық ұжымды басқарып отыр.

Күлтай Абдрахманова, «Qostanaı» арнасының бас редакторы:

- Біз келгенде үлкен аға-апаларымызға қарап, бой түзедік. Енді солардан үйренгенімізді, тәжірибемізді жастармен бөлісеміз. Жастардың да ізденісі мол, өздерінің мамандықтарына сүйіспеншілігі ерекше.

Телеарнадағы ізденімпаз жастардың бірі - таспагер Иманбек Нұрғалиев. Ол телевизия саласының маманы болуды бала жасынан армандағанын айтады.

Иманбек Нұрғалиев, таспагер:

- 2017 жылы осы телеарнаға келіп, сынақтан сүрінбей өттім. Қазір жұмыс істеп жатқаныма 6 ай болып қалды. Әрине, әлі үйренерім көп. Бірақ, мен өз жұмысымды жан-тәніммен жақсы көремін. Сондықтан, өзімді арманы орындалған адаммын деп есептеймін.

«Qostanaı» арнасы қазір 84 адам еңбек ететін іргелі ұжым. Тәулігіне 17 сағат хабар таратады. Соның жартысынан астамы өз өнімі. Таралымы жағынан облыс аумағын толық қамтып отыр. Телеөнімдер өндірісі сандық жүйеге көшірілген. Жылжымалы телестудия шалғай мекендерден тікелей эфирге қосылуға мүмкіндік береді. Осылайша, «Qostanaı» арнасы заман талабына сай жаңғырып, уақытпен бірге қадам басып келеді.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу