Ұлттық арнаның «Мен қазақпын» мегажобасы мен «Қарекет» бағдарламасы «Тұмар» жүлдесін иеленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арнаның «Мен қазақпын» мегажобасы мен «Қарекет» бағдарламасы «Тұмар» жүлдесін иеленді

16.03.2018
Ұлттық арнаның «Мен қазақпын» мегажобасы мен «Қарекет» бағдарламасы «Тұмар» жүлдесін иеленді

Бүгін Астанада  «Тұмар»  ұлттық телевизиялық бәйгесінің жүлдегерлерін марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. «Қазмедиа орталығында» өткен шарада тілшілер, телевизия қызметкерлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, эстрада жұлдыздары, сондай-ақ, Қазақ телевизиясының ардагерлері алдымен қызыл кілеммен жүріп өтті.

Қазақ телевизиясының 60 жылдығына  арналған биылғы бәйгеде жүлделер 14 номинация бойынша табысталды. Олардың ішінде Қазақ телевизиясының 60 жылдығы мен Астананың 20 жылдығына арналған ерекше аталымдар бар.  Шараны Президент Н.Ә.Назарбаевтың құттықтау сөзімен Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова ашты.  

«Қазақ телевизиясының хабар тарата бастағанына 60 жыл толуымен құттықтаймын. Бүгінде қоғам өмірінің тыныс-тіршілігін теледидарсыз көзге елестету қиын. Сондықтан, бұл отандық телевизияның мыңдаған қызметкерлерін ғана емес, қазақстандықтардың ортақ мерейлі мерекесі деп айтуға болады. Осы жылдарда сіздер республикамыздың күрделі өткені мен бүгінгі Қазақстанның сан-салалы, өзекті проблемаларын дер кезінде таспаға түсіріп, Отанымыздың бейнелі шежіресін жазып келесіздер.

 1958 жылдың көктемінде өмірге жолдама алған Қазақстан телевизиясы бүгінде көптеген телеарналардан тұратын, мыңдаған кәсіби мамандар еңбек ететін, үздік техникамен жабдықталып, жоғары технологияларға арқа сүйейтін ауқымды салаға айналып отыр. Соның ішінде 60 жылдан бері көрерменнің үздіксіз көзайымы болып келе жатқан қазақ телевизиясының қара шаңырағы - «Qazaqstan» Ұлттық арнасының алатын орны ерекше», - делінген құттықтауда.

«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының  «Қарекет» бағдарламасы «Тұмар» жүлдесін «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясы бойынша иеленсе,  «Мен қазақапын» мегажобасы «Үздік ойын-сауықтық жоба» атанды. Ал,  «Үздік тележүргізуші» аталымы «Дара жол» бағдарламасының жүргізушісі Дана Нұржігітке бұйырды. 

Айта кетсек, байқауға биылғы жылдың 15-қаңтары мен 1-наурызы аралығында жалпы саны 397 конкурстық жұмыс келіп түскен. Олардың ішінде қазылар алқасы бәйге ережесінің талаптарына сәйкес ресімделген 355 конкурстық өтінімді қарауға қабылдады. Бәйгенің қазылар алқасы құрамына журналистика мен телерадиохабар тарату салаларындағы кәсіби, жоғары білікті сарапшылар кірді.

Екінші рет ұйымдастырылып отырған «Тұмар»  ұлттық телевизиялық бәйгесі ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі тарапынан ең сапалы және маңызды телевизиялық мазмұнды тауып, дәріптеу және қазақстандық телевизияның дамуын қамтамасыз ету мақсатында құрылған болатын.

 

 

 

 

Хабарламаларға жазылу