1958 жылы тұңғыш рет көгілдір экран көрерменге сәулесін шашты. Көк сандықтың күмбірі Алматы телестудиясынан күллі Қазақстанға тарады. Осылайша, елімізде алғаш рет бұрын-соңды болмаған «телевизия» атты жаңа сала жарқ етті. Бүгінде тамыры тереңге жайылған бәйтеректей арна бүр жарып, жайқалып өскен мәуелі ағашқа айналды. Ал, арнаның алғашқы он жылдық тарихы несімен есте қалды.
Жарық студия, жаңарған техника, сандық жүйе. Бұл қазіргі телеарнаның шексіз мүмкіндіктерінің көрінісі. Ал, сіз бұл саланың 60 жыл бұрын қандай болғанын білесіз бе? Ендеше уақытты кері шегіндіріп көрелік.
1957 жыл. 12-маусым. Дінмұхамед Қонаев Қазақстан Орталық Комитетіне Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанынан Радиохабарлар мен телевизия жөніндегі мемлекеттік комитетті құру туралы хат жазып, ұсыныс айтты. Бастама мақұлданып, Комитет төрағасы болып Қанапия Мұстафин бекітілді. Осылайша, 1958 жылы Алматы телестудиясы тікелей эфирге қосылды. Қазақ телевизиясы шаңырақ көтерді.
Телеарнаға жұмысқа білікті мамандар жан-жақтан іздестірілді. Бар мәтінді жатқа оқыған алғашқы дикторлардың қатарында - Ләзизә Аймашева, Нелли Омарова, Зұлқия Жұматова.
Зұлқия Жұматова, Қазақ телевизиясының ардагері, тұңғыш диктор:
- Таңертең барамыз, түнгі сағат 1-де үйге жетеміз. Балаларға арналған бағдарлама, жаңалықтар, барлығын өзіміз өткіземіз. Қай уақытта қандай бағдарлама болмасын Нейла екеуміз жүргізетін едік.
Құсыман Игісінов, Қазақ телевизиясының ардагері, журналист:
- Біз қанша қанды ғасыр деп атағанмен, 20-ғасырда маңдайымызға сыйлаған ең үлкен сыйы деп есептеймін. Өйткені, бұл жаңа өнер. Осы жаңа өнермен біз өркениеттің көшіне ендік. Осы салада еңбек ете жүріп үйрендік. Жаңа өнерге талпындық.
1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақстан мәдениетінің онкүндігінде өнерпаздар Ресей сахнасында «Дудар-ай» операсын қойды. Бұл қойылым Алматы студиясы мамандарының көмегімен орталық теледидардан көрсетілді.
1959 жылы Алматы телестудиясына жылжымалы телестанция берілді. Соның арқасында спектакльді теледидар арқылы тамашалау мүмкіндігі туды. Арна тілшілері алғаш рет тың игеру тақырыптарын қаузады, егін алқаптарынан, құрылыс алаңдарынан ғарыш айлағынан хабар тарата бастады.
1961 жылы тұңғыш рет қазақ тілінде репортаж жасалды. Ол ауыл шаруашылығының еңбеккерлеріне арналған еді.
1965 жылдан бастап күн сайынғы эфир уақыты кешкі 18:30-да басталып, 23:00-де аяқталатын. Кейбір одақтас елдердің біздің хабарларды тамашалауға мүмкіндігі болды. Солардың барлығын қоса есептегенде, көрермен саны миллионға жуықтады
1966 жылы 16-қаңтарда ең алғашқы «спорт» хабары эфирге шықты. Ұжым VI Жазғы Бүкілодақтық спартакиадаға қатысқан қазақ спортшыларының бейнесін таспалады.
Осылайша, 1967 жылы хабарлардың көрсетілімі кеңейді. Телерна тарландары техниканың аздығына, мамандардың жетіспеушілігіне қарамастан, жаңа саланы жаңғыртты. Бағдарламалардың санын арттырды. Қалыптасу кезеңінің куәгерлері қара шаңырақтың мерейін асырып, мәртебесін биіктетті.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ