Рабиға Аманжолова - Қазақ телевизиясының майталман маманы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Рабиға Аманжолова - Қазақ телевизиясының майталман маманы

15.03.2018

Рабиға Аманжолованың есімін білмейтін жан кемде-кем. Ол Қазақ телевизиясының жарық жұлдызы, дара диктор, мемлекеттік іс-шаралардың жүргізушісі, қайраткер.

Көгілдір экраннан жарқ етіп көрінген өрімдей қыз еңбек жолын Целиноград телестудиясынан бастады. 1986 жылы Мәскеуде білім алып, алғаш рет орталық телевидениеден сөйлеп, топ жарды. Рабиға Аманжолова - тек Қазақстан емес, бүкіл Орталық Азиядан басты каналда диктор болып шыққан алғашқы тұлға. Кейін «Время» хабарын жүргізуге шақырту алды.

Ләззат Айтханқызы, журналист:

- Бәріміз таңғалып, аузымыз ашылды. Мынау қазақтың қызы Мәскеуде, соншама бәсекелес ортада «Время» хабарын жүргізді. Сол кезде бәріміз қызықтық. Ол қазақ қыздарының да мәскеулік жүргізушілерден кем емес жүргізе алатынын дәлелдеді.

 «Әнші балапан» ә дегеннен-ақ ең танымал бағдарламаға айналды. Мақпал үн, жайдары жүз талайды теледидарға телміртті. Рабиға Аманжолова сценарийді өзі жазып, хабарды да өзі жүргізіп, тілі бал бүлдіршіндермен сахнада шынайы сұхбат құрды. Бұдан бөлек, Араби фестивалі жобасын қолға алды.  Біртуар тұлға Нұрғиса Тілендиев, композитор Сейдолла Бәйтерековтің концерт-кештерін жүргізді.

Тек мәдени шараларды емес, бүкілодақтық, мемлекеттік жиындарды мүдірмей жүргізіп, мәнін ашты. Дара диктор Қазақ телевизиясына 20 жыл ғұмырын арнады. Кейін Парламенттің баспасөз қызметінде еңбек етті. Онда да тыңнан түрен салып, телестудия ашты. Мәжіліс депутаттығына кандидат та болды. Қазір әлі де сапта. Доцент Аманжолова Еуразия Ұлттық университетінде дәріс оқиды. Кейінгі жастарға телеөнердің қыр-сырын үйретіп, ұрпақтар сабақтастығын үзбей, Қазақ телевизиясының өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүр.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу