Қазақ телевизиясына – 60 жыл. Жаңа мыңжылдықтағы жаңа есімдер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ телевизиясына – 60 жыл. Жаңа мыңжылдықтағы жаңа есімдер

14.03.2018

Жаңа мыңжылдықтағы жаңа есімдер. 2000-жылдар – Қазақ телевизиясы үшін маңызды кезең. БАҚ-тың бағы жанып, журналистиканың жандана түскен шағы. Бұл жылдары жаңалықтар жүргізіп, мәтін оқудың мәнер-мақамына мән беріп, көрермен көңілінен шыға білген жүргізушілер аз емес.

Осы 2000-жылдары Ұлттық арнаның ақпараттарында қызмет етіп, тікелей эфирді тізгіндеген жүргізушілер кімдер?

Жаңа миллениум медиа саласы үшін маңызды кезең болды. Ол кездері ақпараттық бағдарламалар дәуірі дүркіреп тұрды. Кешкісін осындай түрлі-түсті теледидарды қосып, жаңалықтар көру әр шаңырақта дәстүрге айналған еді. 

Салтанат Қалиева, журналист:

- Өзім орыстілді жүргізуші болғаныммен, бір ережем болатын. Әр эфирімді қазақша бітіретінмін. Бір ата болатын, үнемі қоңырау шалатын. «Сен бүгін қазақша бітірмедің ғой, жаным-ау» деп ұрсатын. Қоштасқанда сол кісіні елестетіп отырамын, бейнесін де білмеймін. Ұлттық арна орыс редакциясын жауып, тұтас 100 пайыз толыққанды қазақшаға ауысқанда, қатты қуандық. Бірақ, біз ол кезде жұмыссыз қалдық. Сөйтіп, кино саласына ауысып кеттім. Жалпы, Ұлттық арна мені баптап, өсіріп, киноға ұзатқан әке-шешем сияқты.

Диас Ахметшәріп, журналист:

- Журналистикаға келуім 1997 жылы «Qazaq» радиосынан басталды. «Qazaq»  радиосында 4 жылдай қызмет атқардым. Артынан талай жылдар телевизияда жұмыс істедім. Ол кезде мен екі тілде сөйлейтін журналист едім. Орысша, қазақша репортаждар жүргізетін едік. Журналистиканың арқасында 47 елде болыппын. Осы Ұлттық арнаның арқасында мен ең алдымен, көп жақсы дос таптым деп айта аламын. Қазір қаржы саласында жүрмін.

Әйгерім Шәймерден, журналист:

- Өзімнің телевизиялық мансабымды Ұлттық арнада бастадым деп айта аламын. Өйткені, Ұлттық арнада алғаш рет эфирге отырдым. Ұлттық арнадағы тәжірибе ең мықты тәжірибе деп айта аламын. Біз бір-бірімізден үйрендік. Мүмкіндігінше кәсібімізді шыңдауға тырыстық. Өзара бәсеке де болатын. Соның бәрі жұмысты сапалы, әрі қызықты ету үшін жасалатын. Жалпы, телевизияда 2001-ден 2013-ке дейін жұмыс істеппін. Қазір журналистикадан алыс кеткен жоқпын. Отандық ірі ивент-компаниялардың бірінде жұмыс істеймін. Жалпы, отандық телевизия «Qazaqstan» Ұлттық арнасынан басталады. Өзімнің сүйікті арнамды осы үлкен мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Әрдайым отандық телевизияның флагманы болып, нөмірі бірінші телеарна болып қала беруіне шын жүректен тілектеспін.

Қарап отырсақ, алпыс жыл ақпар таратқан арнаның жаңалықтар тізгінінде 1958 жылдан бастап осы күнге дейін 50-ге жуық жүргізуші болған екен. Басты арнаның үнемі қосулы болып, көрермен көзайымына айналуына сүбелі үлес қосқан да осы дарабоз дикторлар десек артық болмас.

 

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу