Отандық телевизияның дамуына зор үлес қосқан тұлғалардың бірі - Рафаэль Байкенұлы Жұмабаев. Ол, әсіресе, қазақтілді, сапалы бағдарламалардың ашылуына елеулі еңбек сіңірді. Қазақ телевизиясында тұңғыш рет ұйымдастырылған Алматы-Дели-Токио арасындағы тұңғыш телекөпірдің де басы-қасында Рафаэль Байкенұлы болды.
Рафаэль Жұмабаев Ақмола облысы, Қорғалжын ауданының тумасы. Әкесі соғыстан оралмады. Өзі де бір соғысқа қатысты. Қазақ педогогикалық институтын бітіре сала, әскери борышын Вьетнамға барып өтеп, АҚШ-Вьетнам қырғынын көріп қайтты. Елге келісімен қаруды қаламға айырбастап журналистиканың жауынгері атанды. Қазақ радиосының Қарағандыдағы тілшісінен Қазақ телевизиясының басшысына дейін өсті.
Өткен ғасырдың 70-80 жылдары Қазақ телевизиясының алтын дәуірі іспеттес. Қазақша бағдарламалардың үлесі артып, ұлт мәселесіне қатысты тақырыптар қозғала бастады. Рафаэль Жұмабаевтың телевизияға келген кезі де осы тұс. Бастапқыда ақпараттық бағдарламаларын басқарған білікті маман бірнеше жауапты қызметтерді атқарды. Телеарнаның бас директоры болды. Камал Смайыловпен бірге қазақ теледидарын қазақыландыру науқанын жүргізді.
Рафаэль Байкенұлы - телеөнерде тер төккен тарланның бірі. «Тамаша», «Тайбурыл» бағдарламаларында оның қолтаңбасы сайрап жатыр. Өйткені, Рафаэл Байкенұлы телевизияны басқарған тұста осы бағдарламалар мен «Айтыс» алғаш рет эфирге шықты.
Жүрсін Ерман, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Рафаэльдің тұсында біздің студияны Фидель деген кісі басқарды. Рафаэль кейін директор болды. Сол Фидельдің бетін ұлттық хабарларға бұруға күш салған, көп қуат жұмсаған Рафаэль еді. Ол өзін Қазақ телевизиясында судағы балықтай сезінді. Жақсы адамдармен тіл табысып, үлкен-үлкен жұмыстарға басшы бола білді.
Радио мен телевизияның тізгінін тең ұстаған тұлға өмірінің соңына дейін аттан түскен жоқ. Қазіргі «Астана» телеарнасының қалыптасуына күш салып, шәкірт тәрбиеледі. Рафаэль Жұмабаевтың көзін көріп, тәжірибесін алған талай шәкірті еліміздің түрлі арналарында еңбек етіп жүр.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ