Жылы жүзді, жайдарлы, қарапайым. Бұл теңеу Қазақ телевизиясы тарихынан ойып тұрып орын алған Әбдірәлі Бөлебай туралы айтылған. Кез келген ақпараттың шырайын шығарып оқитын Әбдірәлі ағамыздың бейнесі көзі қарақты көрерменнің көз алдында сайрап тұр. Сегіз қырлы диктор ағамыздың ел біле бермейтін қасиеттері жайлы келесі материалда.
Диктор, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қаржы полициясының полковнигі. Міне, осы қасиеттердің бәрі Қазақ телевизиясының ардагері Әбдірәлі Бөлебай ағамыздың бойынан табылған. Негізгі мамандағы - театр және кино актері. 1977 жылы 250 үміткердің ішінен озып, Қазақ радиосына диктор болады. Ал, жеті жылдан соң Қазақ теледидарының төрінен бірақ шығады.
«Кеңес кезінде дикторға қойылатын талап жоғары еді», - дейді кейіпкеріміз. Жүріс-тұрысы, келбеті келісті болуы тиіс. Тіпті, сақал тұрмақ, мұрт қоюға тыйым салынған екен. Әбдірәлі Бөлебай ағамыз диктор болардың алдында мұртын қыруға мәжбүр болғанын әңгімелеп айтып берді. Өмірін көк жәшіксіз елестетпеген әйгілі Әбдірәлі Бөлебай күректей 40 жылдан бері Қазақ телевизиясына адал қызмет етіп келеді. Әлі де еңбегін сіңіре бермек.
Ғабит БӨКЕНБАЙ