Алуан түрлі арна бар, ал, Ұлттық арна біреу. Әлбетте әр арнаның басты өнімі ол – жаңалықтар. Біздің арнада тәулігіне 4 рет шығатын жаңалыққа күні бойы 200-ден астам адам аянбай тер төгеді. Арзан ақпар, жел сөз, жалған жаңалық Ұлттық арнаға жат дүние. Ал, ұлт мүддесіне келгенде әріптестеріміз тартынып көрмегеніне көрермен, өзіңіз куәсіз. Ақпарат - идеологиялық қару болса, отандық ақпараттық саясаттың алдыңғы шебінде тұрған Жаңалықтар бөлімінің өткені мен бүгінін Ғабит Бөкенбай сараптап көрді.
Ұлттық арна – ұлт жанашыры. Ал, жаңалықтар қызметі - оның жүрегі. Мұндағы басты ұран - бүгін және қазір. Жұмысы бір сәт саябырсымайды. Тура бір жанып жатқан от дерсің. Оның қазанында қайнаған тілші «отқа салса батпайды, суға салса жанбайды», деген тәмсіл бар.
60 жыл аз емес. Осы уақытта Қазақ телевизиясының «қара шаңырағында» бірнеше буын қалыптасты. 1991 жылға дейін «Қазақстан жаңалықтары» деген атаумен одаққа ақпарат таратып тұрды. Ал, Тәуелсіздіктің таңы атқан тұста отандық телеөнімнің қарлығашы «Шарайна» эфирге қанат қақты. Тізгінді Мейрам Базарұлы ұстаған.
Мейрам Базарұлы, «Шарайна» бағдарламасының алғашқы жүргізушісі:
- Сын материалдарды тек беріп қана қойған жоқпыз. Одан қорытынды шығарып отырды. Сол кезде жалғыз ақпарат бағдарламасы болғандықтан, еліміз бойынша «Шарайна» орысша, қазақша екі тілде шықты. Біріншісі 8-де, екіншісі 9-да шығады. Елдің бәрі көреді. Сол сын материалдан Үкімет қорытынды шығарып отырды.
Кейінірек кезек атақты «Ақшамға» келді. Атақты деп бекер айтпадық. «Ақшам» тілшілері ел ішінде жүргенде «бұл қай арна, бұл «Ақшам» арнасы ғой» дейтін деңгейге жетті.
Ақпарат жаршысы, сүйінші сұраған шабарман «Жаңалықтар» тарихындағы ең сәтті жасалған дүние. Бұл жеке менің емес, Премьер-министр баспасөз қызметі жетекшісінің орынбасары Думан Хамиттің де пікірі.
Думан Хамит, ҚР Премьер-министрі баспасөз қызметі жетекшісінің орынбасары:
- Ұлттық арнаның өзіндік ұлттық сипатын сақтап қалуына әсер еткен фактор дәстүр сабақтастығы.
Думан Хамит арнаға 1994 жылы келді. 1990 жылдардағы тоқырау Ұлттық арнаны айналып өтпеген. Айлығы аз, тауқыметі көп жұмысқа біраз адам шыдамады. «Осындай кезде үй-күйді ұмытып, жалаң энтузиазммен жұмыс істеуге тура келді», – дейді кейіпкеріміз. Есіл еңбек еш кетпеді. Қатардағы тілшіден Ақпараттық бағдарламалар дирекциясы директорына дейін жетті. Сиқырлы көк жәшіктен «армысыз» деп, шыға келетін Думан Хамиттің келбеті ел есінде.
Думан Хамит, ҚР Премьер-министрі баспасөз қызметі жетекшісінің орынбасары:
- Әрине, ол кездер қылшылдаған жас кезіміз. Біздің толқында кәсіби, өз ісін шынайы сүйген жастар өте көп болды. Қазір жан-жақта жүр. Сол кезеңді елжірей, сағынышпен еске аламыз.
Иә, сиқырлы «көк жәшік» деп бекер айтпаса керек. Талайдың тұсауын кесіп, бағын ашқан жер бұл. Бағдат Қожахметов те буы бұрқыраған сол буынның беделді өкілі. Ұлттық арнаның ұясынан ұшқан Бағдат Қожахметов «ресми өкілдің» кім екенін жұртшылыққа танытқан тұлға.
Тілші, диктор, ресми өкіл, мықты медиа менеджер. Мұның бәрі Бағдаттың бір басынан табылған қасиет. Қазір білдей бір арнаны бастап отыр.
Бағдат Қожахметов, «31» арна директоры:
- Ең қиыны, репортерлік зерттеу жасау. Өте қиын. Ол кез келген адамның қолынан келе бермейді. Ең бастысы, батылдық, ашық жүрек керек. Өмірге деген сүйіспеншілік, қоғамға деген таза, ақ ниет пен жүрек болуы керек.
Биязы мінезді, жылы жүзді, өткір де ұшқыр қаламымен оқырманын тәнті еткен аға журналисттің бірі әрі бірегейі Мұрат Қожамқұлов.
Мұрат Қожамқұлов, журналист:
- «Журналистика - заңның бұзылмауын күзетіп жатқан қарға баулы ит», - дейді. Міне, журналистиканы, ақпарат құралдарын төртінші билік деп айтатын себебі де осы. Егер қоғам жетекшілері басқа бағытқа кетіп бара жатса, қоғамның мүддесінен алшақтап бара жатса, айғайлап жеткізу міндет. Сол себептен де бізді төртінші билік дейді.
Кешегі шартарапқа тараған «Шарайна», ағайын асыға күткен «Ақшам» мен «Айна ақпарат», шабарманы шауып келе жататын «Жаңалықтар» - көзі қарақты көрерменнің көкейінде сайрап тұр. Кейінірек жаңалықтар «Kaznews» «Басты ақпарат», одан соң «Ақпарат» болып өзгерді. Аты өзгерсе де, Ұлттық арна ұжымы ұстанған ұран әсте өзгерген емес. Біз ұстанатын ұран - шынайы әрі шұғыл ақпарат тарату, ұлт мүддесінен шығу. Ал, ел күткен үдеден шыға алдық па, оның бағасын патша көңілді көрермен, өзіңіз бересіз.
Ғабит БӨКЕНБАЙ