Қазақ телевизиясына - 60 жыл. Телебағдарламалар тарихы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ телевизиясына - 60 жыл. Телебағдарламалар тарихы

28.02.2018

Қазір әлемде қоғамдық пікірді қалыптастырып, көкейкесті мәселелерді ой талқысына салатын алаң телевизияға ауысты. Жаһандану үрдісінің бұл жаңалығынан біз де шет қалған жоқпыз. Сондықтан, қазақ телевизиясы қоғамдағы оқиғаларды арнайы бағдарламалар арқылы талқылап, таразылайтын кеңістікке айналды. Ал, азаттық жылдары елдігімізді кемел етуге бағытталған іргелі істер мен талай күрмеулі мәселелер Ұлттық арнаның алаңында көтерілді. Тілші Нұрлан Асқарұлы Қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай қоғамдық-саяси бағдарламалардың өткеніне шолу жасап, бүгінгі жетістіктерін бағамдап көрді.

Тәуелсіздік алған тұста Қазақ мемлекетінің Конституциясы қабылданып, әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған көптеген заңдар дайындалды. Жаңа заңның ел игілігі үшін қызмет етуіне депутаттар елеулі еңбек сіңірді. Осы тұста олардың әр ісін талдап, сараптайтын «Парламент» бағдарламасы эфирге шықты. Бұл бағдарламаға атсалысқан белгілі ардагер-журналист Қажы Қорғанұлы сол кездегі тарихи кезеңнің өз ауыртпалығы болғандығын айтты.

Қажы Қорғанұлы, Қазақ телевизиясының ардагері:

- Таңертеңнен кешке дейін сессияда отырасың. Жетіде монтажға барасың. Техника әбден ескірген. Бір өшіргенді қайта-қайта өшіресің, Кешке эфирге шығу керек. Жан алқымға келгенде құлап сүрініп эфирге 5-10 минут қалғанда ғана хабар шығады.  

Ал, Күлтөбенің басында күнде жиын өткізген Төле, Қазыбек, Әйтеке бидің бүгінгі ұрпақтары телевизияның мүмкіндігін пайдаланып, парасатты пайымын миллиондарға жеткізді. Арнаның эфирінен «Күлтөбе» хабары шығып, сан алуан тақырыпты талқылады.

Арна тарихын парақтасақ, 2004-2006 жылдары Рахат Мамырбек жүргізген «Күлтөбе» бағдарламасы ұлт болып ұйысуға қатысты өткір мәселелерді қозғады.  

Болат Мүрсәлім, Қазақ телевизиясының ардагері:

- Рахат бірінші хабарын қазақ тілі мәселесіне арнады. Мәселелерді мүлде басқа бағытта қоя білді. Өйткені, Рахат өзі саясаттану мамандығын бітірген.

Қоғамдық өмір өзегіндегі өзгерістер «Өзекжарды» бағдарламасы арқылы көтерілді. Ең өзекті мәселелер осы бағдарламада айтылды. Демек, «Өзекжарды» «өзім дегенде өгіз қара күшім бар» дейтін мамандардың өзегін жарып шыққан, орамды ойын ашық айтатын алаңға айналды.

Бұл әр жексенбі сайын көрерменді көкжәшікке еріксіз қарататын «1 студия» бағдарламасы. Қазіргі саяси-экономикалық жағдайды сала мамандарымен тікелей эфирде талдап, жұртқа ой тастайды. Мемлекеттік саясатты, яғни, ел игілігі үшін қабылданған бағдарламаларды сараптап таразылайды. Сондай-ақ, халықаралық байланыстар да бағдарламаның басты назарында. Еліміздегі бірінші пікір алаңына келген қонақтарға көрермен көкейдегі сұрағын қойып, оған тікелей эфирде жауабын алады.

Біз бүгін қазақ телевизиясындағы көрермендерді терең ойға жетелеген қоғамдық-саяси бағдарламалардың біразына тоқталдық. Негізінен, 60 жылдың ішінде елдің мұң-мұқтажын көтеріп, әлеуетін сөз еткен хабарларды түгендесек, оны бір репортажға сыйғызу мүмкін емес. Ал, егер бүгінгі материал арқылы жадыңызда жаңғырған бағдарламаларды көргіңіз келсе, интернеттегі Ұлттық арнаның сайтынан таба аласыз.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу