Телемұнаралар тарихы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Телемұнаралар тарихы

27.02.2018

Қазақ телевизиясы ашылған кезде хабарлар телемұнаралар арқылы таратылды. Мұнара қаншалықты биік болса, хабар соншалықты алысқа жетті. Ал, өткен ғасырдың 1970 жылдары еліміздің бар аумағын телекөрсетілімдермен қамтамасыз ету үшін биік-биік мұнаралар салына бастады. Солардың бірі - Алматыдағы Көктөбенің көрікті аумағындағы әлемдегі теңіз деңгейінен ең биік орналасқан телемұнара. Ол қазір тек хабар тарататын орын емес, алып қаланың символына айналды.

Қазақ телевизиясындағы алғашқы хабарлар көрермендерге мұнаралар арқылы жетті. Жер-жерде салынған биік нысандар арқылы аймақтар күн сайын елде болған оқиғаларға қанығып, дикторлардың дидарын көрді.

Бұл - телевизия ашылғанда алғаш салынған Алматыдағы телемұнара. Биіктігі - 180 метрлік темір металлдан жасалған нысан сол кезде қала маңындағы қаншама елді мекенді хабарлармен қамтамасыз етті. Осының арқасында алматылық ағайын күнделікті тіршілік тынысын көгілдір экраннан үзбей көріп отырды.

Жалпы, өткен ғасырдың 50-ші жылдары республика бойынша 130-дан астам мұнара салынған. Өйткені, ол кезде технологияның мүмкіндігі де, хабар таратудың жалғыз жолы да осы болды.

Бихан Жақыпбаева, Қазақ телевизиясының ардагері (инженер):

- Бұрын әрбір жерде жерсерік болған жоқ. Сол жерсерік арқылы ақпарат алып отыратынбыз.

Мұнаралар көптеп салынған еді. Бірақ, көбісінің биіктігі қала маңына жеткенімен, тарату аймағы шектеулі болды. Шалғай ауылдарға хабар жетпеді. Сондықтан, 1970 жылдардың ортасына қарай мамандар елдің барлық өңірін қамтитын үлкен телемұнара салуды қолға алды. Осылайша, Алматыда Көктөбенің басына ең биік мұнара тұрғызылып, 1984 жылдың маусым айында жұмысын бастады.

Рашид Омаров, инженер:

- Басында бізде бар-жоғы 5 телеарна болды. Арналардан хабарлар келеді, біз сигналдарды аймақтарға таратамыз. Сол кезде осы мұнара арқылы Алматының маңындағы 200-ге жуық елді мекенге телехабарларды жеткізіп тұрдық.

«Көктөбе» телемұнарасына сол заманның ең озық жабдықтары орнатылды. Телевизиялық хабарлар және радиотолқындар радиорелье жүйелерімен жұртқа жетті. Ал, сол тұста Мәскеуден белгіні жіберу үшін сол кездегі жерсеріктік технологиялар қолданылған.

Нұрлыбек Мұсаев, АСК ауысым бастығы:

- Облыстардан ақпарат келген кезде сол ақпарат оптикалық кабель арқылы «Көктөбеге» жеткізілетін, одан ары «Көктөбе» қалаға тарату арқылы халыққа ұсынатын.

Көпшілікті көгілдір экранмен жүздестірген «Көктөбе» телемұнарасы 2001 жылы қайта жаңғырып, жабдықтарының барлығы жаңартылды. Соның арқасында телемұнара ақпарат заманы саналатын 21 ғасырдың басында 14 телеарнаны көрсетіп, 14 радионы тарата бастады. Ал, қазір бұл мұнара жергілікті тұрғындар мен туристер тамашалайтын орынға айналды.

Біз қазір Алматының ең биік нүктесіндеміз. Теңіз деңгейінен шамамен 300 метр жоғары. Ал, мұнараның өз биіктігі - 372 метр. Бұл мұнараның бір ерекшелігі әлемдегі теңіз деңгейінен ең биік орналасқан нысан. Сондай-ақ, тағы бір ерекшелігі 10 баллдық жер сілкінісіне төтеп береді. Өйткені, салынғанда әу баста барлығы солай есептелген.

Бүгінде «Көктөбе» телемұнарасы - Қазақстандағы телевизиялық көрсетілімді цифрлық жүйеге көшіру ісінде маңызы зор нысандардың бірі. Мұнда еліміз бойынша сандық көрсетілім жүйелерін бақылайтын «Қазтелерадио» жүйесінің мониторинг пен басқару орталығы орналасқан. Сандық форматтағы 25 телеарнаның хабарлары осы орыннан дөңгеленген дүниеге жетіп тұр.

 

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу