Қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Qazaqstan» - қазақ елінің телеэпопеясы: Ұлттық арнаның даму моделі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды. Екі күндік алқалы жиында студенттер үшін телеарнадағы беделді қызметкерлердің қатысуымен түрлі семинар-тренингтер өтеді.
Нұрлан Асқарұлы, тілші:
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде қазақ телевизиясының дамуына зор үлес қосқан тұлғалар тәлім алған. Сондықтан, телевизияның тарландары түлеп ұшқан қарашаңырақтың журналистика факультетінде «Qazaqstan» оқу-шығармашалық зертханасы ашылды.
Аудиторияның салтанатты ашылуына телевизияның ардагерлері қатысты. Мұнда қазақ телевизиясының жарты ғасырдан астам уақыттағы тарихынан сыр шертетін жылнама түзілген. Темірбек Қожекеев, Тауман Амандосов сынды марғасқалардың тағылымды сөздері жазылып, бейнетаспалары сақталған. Сондықтан, бұл келешекте телеарнада қызмет етемін деген тәлімгерлер үшін тарихты оқып - білуге зор мүмкіндік береді.
Ғалымқайыр Мұтанұлы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры:
- «Qazaqstan» телеарнасы біздің университет қабырғасында өзінің ұстаханасын ашып отыр. Бұл өте жақсы. Осы ұстаханадан болашақта жақсы мамандар шығатынына сенімдіміз.
Құсыман Игісінов, Қазақ телевизиясының ардагері:
- Қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай аудитория ашылып отырғанының өзі тарихта қалатын үлкен оқиға деп есептеймін.
Қазақ елінің дархан даласы, ұлттық құндылықтары мен қоғамдағы көрінісін әлемдік ақпарат кеңістігіне алып шыққан телеарнаның 60 жылдығына арналған халықаралық конференцияға әлемнің әр түкпірінен білікті мамандар келді. Онда БҰҰ, ЮНЕСКО-ның арнайы өкілдері баяндама оқып, Ұлттық арнаның ел дамуындағы маңызы туралы ойларымен бөлісті.
Сұлтан Оразалин, Қазақ телевизиясының ардагері:
- Біз, жалпы телевизия деген ұғымды кең білгенімізбен, халықтың өміріндегі алатын өлшеусіз үлесі бар екенін білгенімізбен, ғылыми тұрғыдан сараптап, жүйелеп, тарихын бір ізге сала алған жоқпыз.
Телевизияның тарландары телеарна тарихын ғылыми айналымға енгізу үшін арнайы бағдарлама қажет екендігін айтты. Осы бағыттағы іргелі істер 60 жылдықтың аясында қолға алынып, бір ізге түсірілмек. Сондықтан, «Бұл бастама аса маңызды», - дейді сала мамандары. Ал, шара соңында Ұлттық арнаның дамуына үлес қосқан ардагерлерге құрмет көрсетіліп, төсбелгілер табысталды.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ