Телевизияны режиссерсіз елестету мүмкін емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Телевизияны режиссерсіз елестету мүмкін емес

13.02.2018

Телережиссер – өндірістің көркемдік жетекшісі. Режиссері мықты арнаның міні жоқ, есесіне көрермені көп. Себебі, көрерменге әрбір деталімен дем беріп, әсерлі кадрлармен баурап отыру – осы мамандық иелерінің ғана қолынан келеді. Алпыс жылдық тарихы бар Ұлттық арна мұндай мықтыларға кенде болған емес.

Тура алпыс жыл болды. Талай режиссер ауысқанымен, олар беретін бұйрық өзгерген емес. Телеарнада режиссер пәрмен бермей, тікелей эфир басталмайды. Бар жауапкершілік солардың мойнында. «Сондықтан, біз жіберген қателік кешірілмейді, - дейді, ардагер режиссер Клара Қорғанова. 33 жылын осы іске арнаған білгір маман жетпістен асқан жасына қарамай, Ұлттық арнаға арнайы келді. Жалғыз емес, өзінің сол кездегі ассистент-көмекшілерімен бірге жетті. Барлығы Клара Мүсәлімқызының басшылығымен пультқа отырып, өткенді еске алды.

Клара Қорғанова, Қазақ телевизиясының ардагер режиссері:

- Менің ұстазым - Жанна Аспанқызы. Ол кісі бас режиссер болды. Шолпан Баймолдинамен жақсы араластық. Юлия Түсіпова, Гүлбахрам Хамзина, Роза Изазуллиналармен әріптес болдық. Көбі дүние салды. Қазір арамызда жоқ. Сол уақытта барлығы жанын аямай жұмыс істейтін.

Білгені мол режиссерлердің бір шоғыры арнаға 1970-1976 жылдары келді. Олар Жеңіс Мұқатаев, Мэлс Байсанбаев, Шырын Ағышевалар еді. Солардың қатарында Күлнәш Қошанова да болды. Ұлттық арна Алматыдан Астанаға көшірілгенде Күлнәш апай дәл осы монтаж бөлмесінде жұмыс істеді. Ал, еңбек жолын «Қазақстан-Жезқазған» телеарнасынан бастады. Талай хабарды эфирге сәтті шығарып, жұмысының соңғы жылдары жаңалықтарға режиссерлік етті. Жалпы арнадағы еңбек өтілі - 36 жыл.

Телевизия деген тылсым күш. Адамды өзіне баурап алады деген Күлнәш Әжібекқызы мұны біздің қоңырауымыздан кейін тағы бір рет сезініпті.

Күлнәш Қошанова, Қазақ телевизиясының ардагер режиссері:

 - Өткенде сіз маған хабарласып, Московскаяға келіңіз дегенде, тұтқаны қойғаннан кейін көңілім толқып, көзіме жас алдым. Өйткені, бәрібір ыстық. Керемет сағынады екенсің.

Телеарнада дауыстың дәл анық шығуына дыбыс режиссерлері жауапты. Тарихтан тартсақ, Алматы телестудиясында 1958-1960 жылдары алғаш қызметке қабылданған дыбыс режиссерлері – Нине Байғұлова, Борис Паликов, Қанапия Мусин, Замира Шәріпова, Қадір Пірәлиев, Болат Маженов хабарлардың дыбыстары мен дикторлардың дауыстарын тұңғыш рет эфирге жеткізді.

Досымжан Ермұрат, тілші: 

- Бұл дауыс жазуға арналған ең алғашқы құрылғы. Телевизия дамуына негіз болған понограф аппараты дыбыс жазудың атасы болып саналады. Мұны қазақ теледидарына бейімдеген дыбыс режиссері - Қанапия Мусин. Аталған аппаратқа алғаш рет Әміре Қашаубаевтың даусы жазылды.

Осы құрылғыдан бастап, қазіргі техникаға дейінгі барлық аппаратта жұмыс істеген бірден-бір дыбыс режиссері – Ләззат Жолболдина. Ұлттық арнада 25 жыл еңбек еткен ардагер ПТС-пен жоғарғы кеңестің отырыстары мен көптеген концертті жазып алды. Бағдарламадан бөлек, тікелей эфирде жаңалықтардың дыбысын қадағалады.

Ләззат Жолболдина, Қазақ телевизиясының ардагер дыбыс режиссері:

 - 1975 жылы ЖенПИ-дің музыкалық факультетін бітірдім. Сондан бастап дыбысты жақсы көрдім. Сосын телевизияға жұмысқа кірдім. Дыбыс режиссерлерін сонда көп елей бермейтін. Сыртта қалатынбыз. Аздап ренжитінбіз. Қазір енді дыбыс режиссерлерін де жазып жатыр. Бәрі басқаша.

Бүгінде Ұлттық арнада аға буыннан дәріс алған, жас та болса білгені мол жас мамандар еңбек етуде. Бір ғана Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясында 17 режиссер жұмыс істейді. Ал, арна бойынша 30-ға жуықтайды. Барлығы өз істерін абыроймен атқарып келеді.

Досымжан Ермұрат, тілші: 

 - Көргендеріңіздей режиссер бұйрық бергенде ғана студияға жарық беріліп, оператор камерасын қолға алады. Диктор мәтінін оқып, журналист жұмысына кіріседі. Бір тікелей эфирдің өзінде кем дегенде 10 адамға пәрмен беріп, жұмысын үйлестіру – осы мамандық иесіне жүктелген міндет. Егер режиссер қателессе, бүкіл эфир бүлінеді. Осыдан-ақ, режиссердің телевизиядағы орнын бағамдай беріңіз.

Досымжан ЕРМҰРАТ   

Хабарламаларға жазылу