Бүгін - қазақ телевизиясының дамуына зор үлес қосқан ардагерлердің бірі  Жүрсін Ерманның туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін - қазақ телевизиясының дамуына зор үлес қосқан ардагерлердің бірі  Жүрсін Ерманның туған күні

12.02.2018

1951 жылы 12 ақпанда Қарағанды облысының бұрынғы Қарсақпай ауданында туған Жүрсін Молдашұлы 67 жасқа толды. Жалпы, телевизияның тарихында бірге жүріп, елге қызмет еткен жұлдызды жұп жетерлік. Бүгінгі кейіпкеріміз Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман мен жары Бақытжамал Ерманова осы салада талай жыл қызмет атқарып, оның кемелденуіне күш жұмсады.

Қазақ телевизиясында жемісті еңбек еткен Жүрсін Молдашұлы осы саланың қыр-сырын меңгеруге үйреткен ұстаздарын зор құрметпен еске алады. «Ұстазы мықтының - ұстамы мықты» дегендей Совет Мазғұтов, Камал Смайылов сынды телевизия тарландарынан тәлім алған ақын енді қалыптаса бастаған қазақ телевизиясының жандануына ықпал етті.

Жүрсін Ерман,  ақын, Қазақ телевизиясының ардагері:

- Мазғұтов Совет ағамыз менің ұстазым еді. Келбеті келіскен, қазақша жақсы сөйлейтін, арғы-бергі ұлттың жайын ойлайтын азаматтардың бірі еді. Одан кейін телевизияда жарқын із қалдырған адам сексенінші жылдары төрағаның орынбасары, кейін төраға болған қазақтың көсемсөз публицисі - Камал Смайылов.

Алыптардың ақылын тыңдап, тәлімін алған Жүрсін Ерман олардың өсиетін орындап, өзіндік жол салуға ұмтылды. Елімізде қанат жайған телевизияның көркейіп, гүлденуіне атсалысты. Себебі, бұл ұлттық сананы телевизия арқылы қалыптастыратын уақыт туындаған күрделі кезең еді.

Жүрсін Ерман,  ақын, Қазақ телевизиясының ардагері:

- Қазақ телевизиясының 60 жылдығы - қазақ руханиятындағы айтулы оқиға. Қазір көгілдір жәшікке үңілмейтін адам қалған жоқ. Бұл алпыс жылдың ішінде талай азаматтардың еңбегі жатыр. Мен 20-дан жаңа асқан кезімде Жезқазғандағы телевизияда еңбек жолымды бастап едім. Содан бері көп адамдармен қызмет атқардым.

Айтыстың жанашыры болған ақын 45 жылдан бері ұлттық өнердің жұлдызы сөнбеу үшін еңбек етіп келеді. Қылшылдаған жиырма жастағы жас жігіт кезінде Жезқазған телевизиясында жұмысқа қабылданғанда алғашқы айтыстарды ұйымдастырды. Қалалық, облыстық деңгейде, одан республикалық және халықаралық бағдарламаларды қолға алып, өркендетті.

Жүрсін Ерман,  ақын, Қазақ телевизиясының ардагері:

- Сонау айтыс дәуірлеп тұрған кезде халықтың ықыласы болғаны сондай, профессор Тұрсынбек Кәкішев айтып, күліп жүрді. Сенбі күні теледидарда айтыс болатын болса, тойлар болмай қалады екен. «Тойды жасауға болмайды. Ол күні айтыс көреміз» деп. Айтыс арқылы халыққа қаншама жақсылық жасалды.

Ел үшін қызметте барын салып еңбек ететін шығармашыл жанға үйде де ерекше күтім қажет екендігі белгілі. Ақынның отбасындағы бар шаруаны ұршықша үйіріп отырған Бақытжамал апай ошақ басындағы тіршілігімен қоса, телевизияның тірлігіне де етене араласты. Тумысынан өнерге ынтық тіл маманы 70-ші жылдары кастингке қатысып, көркемдік кеңестің шешімімен дикторлыққа қабылданды.

Міне, жұлдызды жұптың тағылымды ғұмыры бүгінде көпке үлгі. Қазір де телевизияның тіршілігіне араласқан кейінгі толқын ұрпақ сабақтастығын жалғап, осы алдыңғы буын ағаларынан үлгі алады. Сондықтан, Ұлттық арна Жүрсін Ерман секілді марғасқа қалыптастырған айтыс өнерін жаңа форматта, яғни, «Жүрсіннің жүйріктері» атты айтыс аламанын қолға алды.

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу