«Saryarqa» телеарнасына - 60 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Saryarqa» телеарнасына - 60 жыл

07.02.2018

Биыл «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының аймақтарда алғашқы болып ашылған  филиалдарының бірі «Saryarqa» арнасы да 60 жылдық мерейтойын атап өтпек. 1958 жылы 31-ші тамызда  өндірісі өркендеген  өңірде  Қарағанды телестудиясы өз жұмысын бастады. Тікелей эфирде шыққан алғашқы хабар кеншілердің кәсіби мерекесіне арналды. 

Руслан Нұрланұлы, тілші:

 - Қазір телевизия жұмысы сандық технология жетістіктерімен атқарылады. Мысалы, флешкаға 3 сағаттық бейнежазба сияды. Алғашқыда пленкалар қолданылған. Сырттай тым ұзын болғанымен бұған тек 15 минуттық бейнежазба сиятын. Яғни, бір хабарды дайындау барысында режиссерлер ондаған пленканы алдын ала қарап шығуы тиіс еді.

60 жылдық тарихы бар облыстық «Saryarqa» телеарнасының  құрметті ардагерлерінің бірі - Рымкеш Смағұлова. Кезінде режиссер болып жұмыс істеген. Өмірінің 40 жылға жуық уақытын осы қара шаңырақтағы қайнаған тірлікке арнады. «Ертеректегі телевизиялық хабарларды түсірудің, оларды монтаждап дайындаудың машақаты көп еді»,-дейді ардагер.

 

Рымкеш Смағұлова, телеарна ардагері:

- Монтаж үстелі болады. Оның астында қазір үйде жанып тұрған жай шам, шамның үсті шынылы сонда пленканы монтаждаймыз. Сосын монтажшыларға бөлек-бөлек жиыстырып береміз. Олар оны бритвамен тазалап, желімдеп сосын эфирге дайындаймыз.

Сол тұста телеарнаның бет-бейнесі болған дикторлардың еңбегі нағыз шеберлік еді. Бірнеше бет материалды жүргізуші алдымен жаттап, жадына сақтап содан кейін тікелей эфирде мүдірмей оқитын. Міне, осындай зердесі мен дауыс мәнері ерекше  облыстық арна дикторлары Майра Ахметова, Ескендір Тиышмағанбетов, Галина Рахимова сынды таланттар қалың көрерменнің көзайымына айналған еді.

Әли Тойжігітов, «Saryarqa» телеарнасының бас редакторы:

-Қазіргідей емес экранның алдында суфлерден оқып бере салатын. Әсіресе, жаңалықтар кезінде әрбір диктор сол мәтінді жатқа айтуға тырысты. Егер қателессе, басы артық сөз айтып қойса басы кететін. Міне, талап деген өте жоғары болды.

Бүгінде осынау жақсылар мен жайсаңдар салған сара жолмен талантты жастар келеді. Олар ұсынған түрлі тақырыптағы хабарлар көрермен көңілінен шығып, республикалық байқауларда топ жарып жүр. 60 жылдықтың асуына  телеарна ұжымы «Saryarqa» деген жаңаша атаумен аяқ басты. Телестудияның материалдық-техникалық базасы заманауи жабдықтармен толығып, жыл өткен сайын танымастай өзгеріп келеді.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу