Оралда Отан қорғаушылар күні жаңа кеме суға түсірілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда Отан қорғаушылар күні жаңа кеме суға түсірілді

07.05.2014
Оралда Отан қорғаушылар күні жаңа кеме суға түсірілді
Рауан Диәли, тілші:
Оралда Отан қорғаушылар күні жаңа кеме суға түсірілді. Бұл - «Зенит» зауытында жасалған 21-ші корабль. Оның ерекшелігі - зымыранды-артиллериялық құрылғымен жарақтанған және 5 балдық теңіз толқындарына төтеп береді.
 
«Сарыарқа» деп аталған жаңа кеме Қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша жасалған. Кемені суға түсіру - қала тұрғындары үшін ерекше мереке. Сондықтан, өзен жағасына жиылған қалың жұртшылықты облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтап, дәстүр бойынша кеме жақтауына аққайнар соқты.
 
Ахметжан Шоқпытов, «Зенит» зауыты директорының орынбасары:
Екі жылға жуық уақытта шығардық. Ең мықты саналатын кемелердің бірі. 
 
Ұзындығы - 42, ені - 8 метрге жуық әскери кеме жылдамдығын 30 узелге дейін жеткізе алады. Құрлықтық өлшемге көшіргенде бұл сағатына 55 шақырым деген сөз. Экипаж 23 адамнан тұрады. Кемедегі қару-жарақ автоматты түрде басқарылады, әрі уақыт талабына сай байланыс және бағамдау жүйесі орнатылған.
 
Бақытжан Әбдірайым, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
Біз зауыттың кәсіби деңгейіне сенеміз. Бұдан да жауапты жұмыстарды атқара алады. Сол себептен болашақта тағы да жаңа техникалар пайда болады.
 
Зауыт келесі айда тағы бір кемені суға түсірмекші. «Айбар» жобасындағы ұшқыр катер шекара қызметіне арналған.
 
Рауан Диәли, тілші:
Жақын күндері «Сарыарқа» кемесі Каспий теңізіне аттанады. Сынақтан өткеннен кейін әскери техника құрамына алына бастайды.
 
Рауан ДИӘЛИ

Хабарламаларға жазылу