Өмірін Отанға арнаған сардар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өмірін Отанға арнаған сардар

10.05.2013
Өмірін Отанға арнаған сардар
Осыдан 20 жыл бұрын лейтенант болған жас сардардың көбі қазір полковниктер. Генерал болғандары да бар. Еліміздің тәуелсіздігімен бірге олардың да қанаттары қатайды. Қарулы күштерді білікті әскери мамандармен толықтырды. Соның бірі Өскемен қаласындағы № 27943 әскери бөлімі командирінің орынбасары - Қанат Кемелбаев.
 
Қанат Кемелбаевтың Қазақстанның қарулы күштеріне келгеніне 18 жылдан асты. Қазір әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары. Ол еліміздің тәуелсіз әскерімен бірге өсті, биік белестерді бағындырды. Алдағы өмірін әскерсіз елестетпейді.
 
Қанат Кемелбаев, №27943 әскери бөлім командирінің орынбасары:
Осы әскер қатарында болсам, осы қарулы күштердің ардагері болсам деген арман бәріміздікі. Соған жеткізсе, осы әскер қатарында өткізген өмірімнің жемісін көрсем деймін.
 
Әскери өмір - қатаң тәртіп. Осы тәртіпті сақтай отырып, әрбір сарбазбен тәрбие жұмысын жүргізу - Қанат Кемелбаевтың күнделікті қызметі. Ол бұдан да басқа көптеген салаларға жауап береді. Өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып жүр. Сонысымен де әріптестерінің арасында сыйлы.
 
Мақсат Сәулебеков , №27943 әскери бөлімнің әуе шабуылына қарсы қорғаныс басшысы:
Ол кісіні 3 жылдан бері білемін. Өз жұмысына өте тиянақты қарайды. Сарбаздардың тәрбиесіне өте жауапты адам. Өмірде жақсы дос. Жұмыс уақытында қатал болса да, өмірде сыпайы, өте тәрбиелі адам деп санаймын.
 
27943 бөлімі - әрдайым жауынгерлік әзірліктегі әскер. Отанымыздың Шығыс шебін корғауға арналған әскердің бір бөлігі. Сондықтан мұндағы сарбаздар мен сардарларға үлкен жауапкершілік жүктеледі.Олар бүгінгі мерекеде Отан үшін көз ілмей, қызметтерін жалғастыра береді.
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу