Ерлігімен көзге түскен

10.05.2014
Ерлігімен көзге түскен
Жамбыл облысының «Қылышбай» ауылында ІІ Дүниежүзілік соғыста екі мәрте «Даңқ» орденін алған қарт майдангер тұрады. 97 жастағы Әлмахан Ысмайылов бүгінде Мойынқұм ауданындағы көзі тірі 4 соғыс ардагерінің бірі. Соғысқа бастан-аяқ қатысып, одан кейін араға тағы 2 жыл салып барып, туған елге орлаған қарт жауынгер барлаушы және атты әскер сапында болып, Сталинград, Украина, Польша және Чехословакияны азат етуге қатысқан.
 
Әлмахан Ысмайлов екі жыл әскери борышын өтеп келген бетте соғыс өрті тұтанды. Бірден әскерге шақырылып, кескілескен ұрыстың ортасына бір-ақ түсті. Қайсар мінезді қазақ жігіті қырағылығының арқасында барлаушы болды. Сақ, әрі епті қимыл. Тапқырлық. Кез келген жағдайға дайын болу. Ол өз қаруластарының ішінде осындай қасиеттерімен дараланды.
 
Әлмахан Ысмайылов, соғыс ардагері:
Судың жағасындағы фашистерді қырдық. Сол жерде екі немістің офицерін ұстап алып штабқа жөнелттік.
 
Әлмахан Ысмайлов осындай ерлік әрекеті үшін «Даңқ» орденін кеудесіне тақты. Енді бірде олардың әскери бөліміне өзен үстіне көпірді жаруға бұйрық берілді. Алайда неміс басқыншылары мұны сезіп қойып, қарсылық көрсетті. Жан алып, жан беріскен шайқаста Әлмхан Ысмайлов қасындағы қаруластарымен өздеріне берілген бұйрықты орындап шығады. Сол батылдығы үшін ол екінші рет «Даңқ» орденімен марапатталды.
 
Әлмахан Ысмайылов, соғыс ардагері:
Көпірден өттік, өткен соң жардық қой гранатамен. Біз ар жақта қалдық, әскер кейін қалды.
 
Әлмахан Ысмайлов мұнан соң әскер полкында да талай ұрыстарға қатысты. Жалпы соғыс жылдарында Жамбыл жерінде екі бірдей атты дивизия құрылған. Бірі 105-ші, екіншісі 85-ші. Әйтсе де бұл дерек бүгінде көп айтыла бермейді.
 
Мақұлбек Рысдәулет, журналист-жазушы:
Бұл дивизия 1942 жылдың қазан айынан бастап, Сталинград маңындағы фашистердің 22 дивизиясын Сталинград жерінде қоршауға алған алапат шайқасқа қатысып, өздерінің үлесін қосқаны белгілі.
 
Жасы жүзге таяған қарт майдангер бүгінде ауылдың қазыналы қариясы. Ақсақалдың бар тілегі елдің амандығы мен бейбіт өмірі.
 
Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу