Бельгияның бірқатар қаласын немістерден қорғау кезінде шейіт болған Кеңес жауынгерлерінің зиратына бүгін еліміздің сол мемлекеттегі Елшілігі, ТМД елдерінің дипломатиялық миссия өкілдері жылдағыдай гүл шоқтарын қойды.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
«1941-1944 жылдар аралығында Лимбург жерінде қаза тапқан Кеңес жауынгерлеріне мәңгі естелік», деп жазылыпты мына ескерткіште. Бұл - Бельгияның Генк қаласындағы Кеңес сарбаздары ең көп жерленген бейіт. Арасында біздің қос жерлесіміз де жатыр. Бірақ, есімдері қате жазылыпты.
Бессонов деп қашап жазыпты белгітасқа. Дұрысы - Бисенов Нұриддин. 1908 жылы Қызылорда облысы Қазалы ауданында туған. 1944 жылдың мамырында Бельгияда атылыпты. Улуаев - бұл да қате жазылған қазақ аты. Дерек бойынша, Уәлиев Тоғайбай Уәлиұлы. Семей облысының тумасы да осында қаза тапқан. Жергілікті әкімдік өрескел қатені түзетеміз деп отыр. Тек Қазақстаннан мұрағат мақұлдаған рұқсатнама болса болғаны.
Жан-Мари Аман, Брюссель қаласы әкімінің кеңесшісі:
Бельгияны азат етуге қатысып, осында шейіт болған Кеңес жауынгерлерінің, қазақ сарбаздарының қабірін біз қолымыздан келгенше қадірлеуге тырысамыз. Бүгінгі бейбіт өмір сүруіміз әлбетте, солардың арқасы. Сондықтан, барша жұртты, арнайы Қазақстан халқын Жеңіс күнімен құттықтаймын. Елдеріңізде тек бейбітшілік болсын!
Генктегі қорымда аты-жөні қате болса да, кімдердің жатқаны белгілі. Ал, Брюссельдегі «Эвер» зиратына жерленгендердің кім екені әлі күнге белгісіз.
Бельгияны азат ету жолында шейіт болған Кеңес сарбаздарына тағзым ретінде бельгиялықтар 1999 жылы мына ескерткішті орнатыпты.
Ел үкіметінің, осы мемлекеттегі Қазақстан Елшілігі мен ТМД елдерінің дипломатиялық миссия өкілдері бүгін де жылдағыдай ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Қаруластарын көппен бірге Владимир ақсақал да еске алды.
Владимир Семич, соғыс ардагері:
Мен 3-ші Украин майданының құрамында болып, Балқанды азат етуге қатыстым. Жеңісті Берлинде қарсы алып едім. 1957-жылдан бері Брюссельде тұрамын. Кеңес жауынгерлері, әсіресе, қазақ сарбаздарынан достарым көп болды. Қазақ жігіттері батыр болатын. Өзі жараланып жатса да, жанындағы жауынгерді ешқашан тастамайтын. Біз көрген соғысты ендігі ұрпақ көрмесін деп тілеймін.
Бельгияда жерленген белгісіз жауынгерлер әлі де көп. Өскелең ұрпақ тарихты түгендеп, оғландарды іздестіруді жалғастыра бермек. Демек, бұл батырларды да жақын-жамағаты «бауырым», деп іздеп келер бір күні. Жоқшысы, іздеушісі болса, ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды.
Нұрсұлу ҚАСЫМ