Мәскеуде қазақ батырлары ұлықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде қазақ батырлары ұлықталды

08.05.2014
Мәскеуде қазақ батырлары ұлықталды
 
Киелі қазақ топырағынан 500-ге тарта Кеңес одағының батыры шыққаны белгілі. Мәскеу қаласында да батыр жерлестеріміздің есімін ардақтап, еске алуға ерекше мән беріледі. Ресей астанасында Жеңіс күніне арналған салтанатты шара барысында да бұл дәстүрдің беріктігі анық аңғарылды. 
 
Нұртас Солтанұлы, тілші:
Ресейліктер қазақ батырларының ерлігін ешқашан ұмытпайды. Мәскеу қаласында даңқты жерлестеріміз Әлия Молдағұлова мен Бауыржан Момышұлы атында екі бірдей орта мектеп бар. Жыл сайын 9 мамыр қарсаңында осы білім ордаларында батырларды ұлықтауға арналған шара өтеді.
 
Бұл мектепте Бауыржан Момышұлын білмейтін бала жоқ. Себебі, мұғалімдер қауымы патриоттық тәрбиеге қатты мән береді. Осылайша әрбір оқушы қазақ батырына мәңгілік қарыздар екенін жастайынан санасына құйып өседі.
 
Мария Линиченко, Б.Момышұлы атындағы №1912 орта мектептің 10 сынып оқушысы:
Бауыржан Момышұлы қайсар мінезді, таңғажайып тұлға. Ол кісінің даңқты қолбасшы ғана емес, талантты жазушы, педагог болғанын да жақсы білемін. Сондықтан, мен осындай батырдың атындағы мектепте оқитынымды мақтан тұтамын. 
 
Жеңіс күні қарсаңында мектеп ұжымы мен Ресейдегі Қазақстан Елшілігінің қызметкерлері жиналып, батырдың ескерткішіне гүл қойды. Рухына тағзым етті.
 
Светлана Князева, Б.Момышұлы атындағы №1912 орта мектептің директоры:
Бұл мектеп 2010 жылдан бері Бауыржан Момышұлының атында. Ал биылдан бастап біздің мекемеге тағы 1 мектеп пен 2 балабақша қосылды. Қазір осы үлкен бірлестікке, тұтастай қазақ батырының есімі берілді. Біз үнемі осы ұлы атқа лайықты болуға тырысамыз.
 
Мектепте Бауыржан Момышұлының жеке мұражайы да бар. Бұл жерге келген әрбір адам жерлесіміздің ерлігімен егжей-тегжейлі таныса алады. Дәл осындай мұражай Әлия Молдағұлова атындағы мектепте де бар. Мұндағы орталық 1978 жылдан бері жұмыс істейді.
 
Наталья Степанова, Ә. Молдағұлова атындағы №891 орта мектептің мұражай меңгерушісі:
Біз қазақстандықтардың ерлігін ешқашан ұмытқан жоқпыз, ұмытпаймыз да. Тіпті 90-шы жылдардағы тоқырау кезінде де біз қазақстандық батырлардың ескерткішіне гүл апарып, еске алатынбыз. Бұл істі, енді алдағы уақытта, өскелең ұрпақ жалғастыратынына сенімдімін.
 
Қазақтан шыққан батырларды, Мәскеудің жасы да, жасамысы да біледі. Бұл туралы, Жеңіс күніне орай Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде өткен салтанатты шара барысында да айтылды.
 
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу