Бүгінгі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткен павлодарлық төрт мыңнан астам майдангердің есімі анықталып, кітапқа басылды. Жұртшылыққа жария етілген «Боздақтар», деп аталатын естелік кітаптың 4-ші томына соғыс жылдарындағы құпия құжаттардан алынған және Қазақстан мен ресейлік «Майдан жолы» іздестіру топтары тапқан сарбаздар туралы деректер енді.
Олардың кейбірі Қиыр Шығыста Квантун әскерлерін талқандауға қатысқан партизан жасақтарында, поляк әскері құрамында немесе құпия барлау қызметінде болған.
Ал, енді біреулер тұтқынға түсіп, фашистердің Германиядағы концлагерлерінде қаза тапты. «Боздақтар» кітабының алғашқы үш томы 1994-1997 жылдары жарық көрген болатын. Онда соғыста шейіт болған 22 мыңға жуық павлодарлық туралы шағын деректер басылған.
Төлеубек Қоңыр, ардагер журналист:
Өзіміз сияқты әкесіз өскен жігіттердің соғыста өлген әкелерін тауып беруге қамқор болдым. Мәскеу түбіндегі Подольск әскери мұрағатына хат жазып, қаншама адамның әкелерін, ағаларын тауып беруге қатыстым. Әскери тақырыптарды кезінде есімі елге белгісіз болған ерлердің есімдерімен жария еттім.
Болат АМАНБАЕВ