Өскемендік соғыс ардагері Жұмақан Сужанов - Рейхстагтағы тарихи сәттің куәгері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскемендік соғыс ардагері Жұмақан Сужанов - Рейхстагтағы тарихи сәттің куәгері

30.04.2014
Өскемендік соғыс ардагері Жұмақан Сужанов - Рейхстагтағы тарихи сәттің куәгері
Бүгін - Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагқа ту тіккен күн. Осыдан тура 69 жыл бұрын фашизмнің соңғы қамалы  саналған Рейхстаг ғимаратының төбесінде ең алғаш рет  Жеңістің жалауы желбіреді.
 
Өскемен қаласының тұрғыны Жұмақан Сужанов сол кездегі шешуші ұрыстарға қатысып, осы тарихи сәтке куә болған жауынгерлердің бірі.
 
Жұмақан Сужанов майданға 18 жасында аттаныпты. Артиллериялық полкта көздеуші болып, Беларусь, Польша, және Германия жерлеріндегі қанды шайқастарға қатысқан.
 
Фашистердің ұясы саналған Рейхстагқа Рақымжан Қошқарбаевтың ту тігіп, алғаш рет  Жеңістің жалауын желбіреткен сәтін әлі ұмытқан емес.
 
Жұмақан Сужанов, соғыс ардагері:
Рейхстагқа ту тікті, біз қарап тұрдық. Қасымдағы командирлердің бәрі көрді. Бір лейтенант «Қазақ әскерлері Мәскеу, Ленинград, Сталинградты қорғаған, міне нағыз қазақтар», деп айтты.
 
Жұмақан Сужанов соғыс біткен соң да әскери борышын өтеуді одан әрі жалғастырды. Туған еліне тек 1948 жылы ғана оралыпты.
 
40 жылға жуық ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, құрметпен зейнеткерлік демалысқа шыққан. Бірнеше күннен соң 90 жасқа толатын қария «Енді соғыс болмасын!», деп тілейді.
 
Жұмақан Сужанов, соғыс ардагері:
 Соғыстан Құдай сақтасын. Біздің Қазақстанымыз, әскеріміз, ел-жұртымыз аман болып, алға бассын.
 
Қазір еліміздің барлық өңірлерінде «Нұр Отан» партиясының бастамасымен «Ардагерлерді ардақтайық!» акциясы өтіп жатыр. Осы жобаның аясында «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері Жұмақан ақсақалға да сәлем бере келіп, үйдің ауласын тазалауға көмектесті.
 
Маржан Бақыт, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы:
Әр ардагердің үйіне барып, көмек қажет болса, көмектеседі. Қажет болмаса, әңгімелесіп, жүздесіп қайтады. Осы акциямыз басталғалы біз 5 ардагердің үйіне бардық. Ал, аудандарда мобильді топтар жұмыс істеуде.
 
Ауладағы жұмыстар біткен соң ардагер ақсақал жастардың көмегіне шексіз ризалығын білдіріп, ақ батасын берді. Соңынан от пен оқтың ортасынан аман-есен оралған қарт майдангер мен кейінгі ізбасар толқын өкілдері ұрпақтар сабақтастығының естелігі ретінде суретке түсті. 
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу