«Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаңа бағыттармен толығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаңа бағыттармен толығады

26.10.2018

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаңа бағыттармен толығады. Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысында осы мәселе айтылып, Елбасының тапсырмаларын орындау барысы талқыланды. Өткенімізді түгендеп, болашақты бағамдауға арналған бағдарлама аясында 1,5 жыл ішінде бірқатар шаруа тыңдырылды. Нәтиже қандай?

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» жолдауы «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен ұштасып жатыр. Сондықтан, Президент әкімшілігінің басшысы төрағалық еткен Ұлттық комиссия отырысының әңгіме өзегі осы бағдарлама болды.

Әсет Исекешев, ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы:

Осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша да нақты тапсырмалар берді.  Оны жаңа мазмұнмен, жаңа бағыттармен толықтыру маңыздылығын атап өтті. Елбасының алдағы жылды «Жастар жылы» деп жариялауы, сонымен бірге, Жолдаудағы «Ауыл – ел бесігі» жобасы, «Өз жеріңді танып-біл» бастамасы «Рухани жаңғыруды» байыта түседі.

 «Өз жеріңді танып-біл» демекші, кеңестік кезеңде келмеске кете жаздаған киелі мекендер қайта жаңғыра бастады. Осы жобаның аясында «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» анықталып, бұл тізімге 100 табиғи, әрі археологиялық ескерктіш енді.

Мырзатай Жолдасбеков, мемлекет қайраткері:

Туғанжерім  түрік қағанатынан қалған қасиетті жер еді. Соны біз білмейтұғынбыз. Бала кезімде малшылардың қораға баяғы түрік қағанатынан қалған балбал тастарды тас қылып қалағандарын көргенмін. Қазір соның заманы келді. Қасиетті жерлеріміз анықтала бастады.

«100 жаңа оқулық» жобасының да ауыз толтырып айтарлық жетістігі аз емес. Алғашында тек жоғарғы оқу орындарына тегін таратылуы тиіс туындыларға бүгіндері жеке дүкендерден де сұраныс артып отыр. Сондықтан «Ұлттық аударма бюросы» бұл оқулықтарды жеке баспалар арқылы шығаруды да жоспарлап отыр.

Альбина Әшім, тілші:

Жоба аясында алғашында 18 кітап аударылып, 10 мың дана болып жарыққа шықты. Бұл оқулықтар еліміздің 110 университетіне таратылды. Қазір Ұлттық аударма бюросы 30 кітапты баспаға дайындап жатыр. Олардың да тиражы 10 мың болмақ. Әлемге әйгілі бестселлерлерді түпнұсқасынан аударып, қазақша сайрату үшін 300-ден астам ғалым, аудармашы, тілші еңбектеніп жатыр. Келер жылы жастарға ұсынылатын туындылардың ішінде Энтони Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихы» және Филип Котлердің «Заманауи маркетингтің библиясы» атанған атақты оқулығының 17-ші басылымы бар екен.

 «100 жаңа оқулықтың» шапағатын жастар онлайн режимде де көре алады. Келер жылдан бастап «Ашық университет» жобасының арқасында философия, әлеуметтану, мәдениеттану, тарих, тіл білімі, журналистика, бизнес және кәсіпкерлік бағыттары бойынша сайт арқылы лекция тыңдап, білімдерін шыңдай алады.

 Рауан Кенжеханұлы, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры:

Онлайн оқытуды ерекше тиімді жүргізе алған жобалардың бірі британдық «Оупен университи» жобасы. Сол Британияның ашық университеті біздің жобаның әріптесі болуға келісті. Жалпы, 48 оқулықтың негізінде 48 онлайн-курс жасалды. Өте жоғары телевизиялық сапада жасалған.  

Ал, қоғамдық ұйымдар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының күнделікті өмірде әр қазақстандыққа қалай әсер ететінін зерттеп, Елбасы ұсыныстарын ұғымды ғып жеткізуді көздеп отыр.

Мұхтар Манкеев, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының кеңес төрағасы:

 «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жеке өзіне әсері туралы сұраққа әлі көп адам жауап бере алмайды. Себебі, олардың естіп жатқаны салынып жатқан нысандар, шетелдерге барып, мәдени мұрамызды көрсетуіміз. Бірақ, нақты адамның өміріне, өзінің санасын өзгертуге қандай өзгерістер болғанын әлі ешкім айта алмай отыр.

Демек, Үкімет пен өңір басшыларының тындыратын шаруасы аз емес. Әсет Исекешев министрлер кабинетіне 2018-2019 жылдарға арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша жоспар әзірлеп, жаңа «Ауыл - ел бесігі» әлеуметтік жобасын жақын арада іске қосуды тапсырды.

 

Альбина ӘШІМ

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу