«100 жаңа есім». Арман Жүдебаев: Қара домбыра арқылы елге танылдым - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«100 жаңа есім». Арман Жүдебаев: Қара домбыра арқылы елге танылдым

01.08.2018

Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлт руханиятын түлетуге түрткі болса, «100 жаңа есім» жобасы халқымыздың жасампаз мәдениетін дамыту жолында тер төгіп жүрген азаматтардың еңбегін елге көрсетуге мүмкіндік берді. Солардың бірі - белгілі дирижер Арман Жүдебаев. Ол бұған дейін ұлттық музыкамыздың әлемдік деңгейде танылуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркесторын 2013 жылдан бері басқарып, өнер ұжымын 5 жылдың ішінде үлкен табысқа кенелтті. Қазір Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясына басшылық етеді.

Күй - ұлттық мәдениеттің күретамыры. Ал, ұлттық нақыштағы әуен мен шығармалар халқымыздың сан ғасырлық тарихынан ақпарат береді. Осы нотаға түскен таңбаларды тірілтіп, шеберлігімен жүрекке жеткізетін орындаушы. Арман Әділханұлы - Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрының домбырашысынан дирижер дәрежесіне дейін көтерілді.

Арман Жүдебаев, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры:

- Оркестр арқылы, қара домбырамыз арқылы осы елге танылдық. Халықтың ықыласына бөлендік. Осындай дәрежеге жетуіміз халықтың арқасы. Мемлекетімізге, Елбасымызға рахмет. Қазір жұмыс жасаймын деген адамға барлық мүмкіншіліктер бар.  

Бүгінде 83 жылдық тарихы бар өнер ұжымының қоржынында 4000-нан астам шығарма бар. 83 өнерпаздың әрқайсысы музыканы мықты меңгерген хас талант. Сол себепті, олардың барлығын ұлттық музыканың ұраншылары деп атауға болады. «Еңбек - бәрін жеңбек». Арман Әділханұлы - қазақ өнерінің қара шаңырағында білім алып, осы өнер ордасының мәртебесін биіктетуге атсалысты.

Арман адамды алысқа жетелейді. Жалпы, өнер адамдарын алдыға сүйрейтін асқақ арманы мен тынымсыз еңбегі. Арман Жүдебаевтың алға қойған мақсатын жүзеге асыруына әлемнің түкпір-түкпірін аралап жүріп жинақтаған тәжірибесі жетеді. Осы себепті оған ел сенім артып отыр. Бұл бағытта Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын халықаралық жарыстар күтіп тұр. Сондықтан, өнер ордасының ректоры «Мемлекет басшысы ұсынған «100 жаңа есім» жобасының ары қарай жалғасуы - талантты жастардың еңбегін бағалауға берілген зор мүмкіндік», - дейді.  

Арман Жүдебаев, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры:

- Қазіргі таңда екінші жоба қолға алынайын деп тұр. Әрине, ол өте дұрыс. Жалпы, жоба елімізді көркейтуге, әрі қарай мықты кадрларды дайындауға үлкен үлесін қосып жатыр.

Әлемдегі кез келген мемлекеттің тілі секілді болмыс-бітіміне тән өзіндік үні бар. Сол ұлттық музыканың туын көтеріп жүрген Арман Әділханұлының ерен еңбегін бағалаған халық оны «100 жаңа есім» жобасына қосты. Енді ол осы атаққа лайық болып, ел сенімін ақтау үшін тынымсыз ізденіп, ұлттық өнеріміздің өркендеуіне күш жұмсамақшы.  

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу