Алматы облысында бірқатар елді мекеннің атауын өзгерту керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында бірқатар елді мекеннің атауын өзгерту керек

13.04.2018

Алматы облысындағы бірқатар елді мекендердің атауын өзгерту керек. Тарихшылар осындай бастама көтеріп отыр. Мәселен, Қаскелең, Шамалған, Мұқыры, Шонжы, Боралдай. Бұл атаулардың түп-тамырына үңілсек, олар - қалмақ, жоңғар батыр-қоңтайшыларының есімдері. Шапқыншылық кезінде қазақ даласында қаза тапқан қалмақ батырларының есімін жаудың мысын басу үшін үшін әдейі қойған екен. «Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы енді осы олқылықтардың орнын толтырудың бір жолы», - дейді ғылыми конференцияға қатысқан тарихшылар. 

Жоңғар батырының атымен аталып кеткен елді мекеннің бірі Ұйғыр ауданының орталығы. Жергілікті халықтың өзі бұл атауға аса көп мән бере бермейді. Ал, тарихшылар Шонжының қазақтың Әлмерек батыры қолынан қаза тапқанын алға тартады. «Сондықтан, тарихты зерделеп, мұрағатты ақтарып, дәл осындай атаулардан арылсақ, Жетісу жері ғана емес, тұтас қазақ жері рухани жаңғырар еді», - дейді мамандар.

Әуезхан Шашаев,  Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының орынбасары:

- Біздің тарихи санамызды қалпына келтіру қаржымен, қандай-да бір материалдық өлшеммен өлшеуге болмайды. Сондықтан, рухани жаңғыру деген бастапқы бір ерекшелігі санамызға сіңген осындай өрескел қателіктерді түзеуіміз керек. Сонда ғана біз өзіміздің Тәуелсіздігімізді сақтап, болашақ ұрпағымызға еліміздің тізгінін бере аламыз.

Тарихшылардың бастамасын саясаттанушылар да, азаматтық қоғам өкілдері де қолдап отыр. Бірақ, бұл мәселеге жан-жақты дайындалып, жіті таразылап, кірісу керектігін алға тартады.

Дос Көшім, саясаттанушы:

- Конституциямызда демократиялық мемлекет деген жазылды. Сондықтан, бұрынғы бұйығып қалған халықтың қайтадан тірілуі бұл да рухани жаңғырудың басы болу керек. Біз осыны осы жерден көріп отырмыз.

Қалмақ батырларының есімінен бөлек, ел мен жерге жат атаулар әлі де көп. Патшалық Ресей және Кеңес дәуірінен қалған ауыл аттары өзгергенімен, ескі атаумен қалған елді мекендер де жоқ емес. «Сондықтан, сананы жаңғыртпай, болашақты бағдарлау да оңайға соқпас», - дейді ғалымдар.

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу