Алматыда «Астана - ардағым»  сыйлығы табысталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Астана - ардағым»  сыйлығы табысталды

12.12.2017

Астана - 20 жылдың ішінде әлемдегі қысқа уақытта салынған ірі қалалардың бірі. Оған қоса, әлем халықтарын бітімгершілікке шақырған салмақты саяси басқосулардың орталығына айналды. Ал, елорданың дамуына сүбелі үлес қосқан ел азаматтарының еңбегі ерен. Осы 20 жылдық мерейтойға орай, Алматыда «Астана - ардағым» сыйлығы табысталды. Білім мен ғылым, сәулет пен құрылыс, денсаулық сақтау, спорт, өнер, кинематография, журналистика және әдебиет салалары бойынша лауреат атанғандарға 1 млн. теңге табысталды.

Астана - тек саяси-әлеуметтік тұрақтылықтың тірегі емес. Мұнда елдің рухани кемелденуіне арналған жарқын жобалар дүниеге келді. Мәселен, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Астанадан бастау алып, барлық аймақты түгел қамтыды. Ал, осы бағыттағы жұмыстың жүйелі іске асуына алматылық өнер ұжымдары мен орталықтары және ақын-жазушылар мен тілшілердің қосқан үлесі орасан.

Маралтай Райымбек, ақын:

- Өнерді құрметтейтін жоғары биліктегі азаматтар 20 номинация бойынша осындай бәйге жариялап жатыр екен. Сол 20 адамның қатарына кіргеніме, Астананы жырлағаныма қуаныштымын. Осындай қуаныш баршамызға нәсіп болсын.

2001 жылы Есілдің сол жағалауында «Бәйтерек» бой көтерді. Бұл символикалық тұрғыдан қазақтың танымымен үндесіп, біте қайнасып жатыр. Сондықтан, халық арасында «Алып бәйтерек - бүгінгі берекінің бастауы» деген түсінік бар. Қайталанбас кескінімен Астананың көркіне айналған нысанның жобасын сызып, салуға атсалысқан алматылық сәулетшілерге де қаржылай сыйлық табысталды. 

Ақмырза Рүстембеков, Қазақтан сәулетшілер одағының президенті:

- Астананы салуға, дүниеге келтіруге қатысқан адамдардың ең бақытты күні деп есептеймін. Өйткені, әр жүзжылдықта әр мемлекет өзінің астанасын ауыстырып көрген жоқ. Сол себепті, бұл еліміздің, халқымыздың үлкен бір жетістігі.

Жалпы, келер жыл астаналықтар үшін - мерекеге толы мерейлі жыл болмақ. Сондықтан, Тәуелсіздіктің тал бесігіне айналған оңтүстік астанада елорданың 20 жылдығын мерекелеуге арналған ауқымды мәдени шаралар легі әрі қарай жалғасады.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу