Қазақстан көлік-логистика саласын қалай дамытты? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан көлік-логистика саласын қалай дамытты?

14.12.2018

Еуразияның логистикалық картасында Қазақстанның алатын орны айрықша. Су, әуе, көлік және шойын жолдары арқылы жаһанды бір-біріне жақындатуда да рөлі зор. Өйткені, Еуропа елдері мен Қытай сияқты ірі экономикалық алыптардың ортасын жалғайтын геостратегиялық маңыздылығы бар. Соны ескергендіктен, Тәуелсіздік жылдарында транспорттық әлеуетті көтеруге аз күш жұмсалған жоқ. Нәтижесі де жемісті. Біздің мемлекет қолайлы инфрақұрылымдық жағдай құра білгені үшін, ТМД арасында үздік тұр. Әлемдік көштен де қалмай келеді.

Биыл еліміздің теңіз бойындағы қаласы мен қақпасына - 55 жыл. Порт – Ақтау тұрмақ, тұтас Қазақстанның қарқынды дамуының қозғалтқышы. Сонау 90-шы жылдың соңында Еуропа даму банкінің қаржысымен сауда порты қайта құрылды. Бірақ, оған дейін тек жүк қабылдау қызметін атқарса, жаңғыртылғаннан соң, жаңа тарихы басталды.

Көп функционалды. Өндірістік қуаттылығы жылына 16 млн. тоннадан асады. Мұнай тиеуі – 12 млн. тонна. Паромдық мүмкіндігі – 2 млн. т. Астық – 700 мың т. Ал, тауарды ашық қоймада сақтау аумағы – 80 мың м2. Бұл транзиттік-логистикалық әлеуетті білдіреді.

Абай Түрікпенбаев, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ҰК» АҚ президенті:

- Тек Иранның өзіне жыл соңына дейін 750 мың тонна бидай жөнелтілуі мүмкін. Былтыр 200 мыңға аз болған. Ал, жүкті ауыстырып, тиеу 15 пайызға көбейеді. Биыл 3 млн. 500 мың тоннадан асырамыз. Енді оңтүстік-шығыс мемлекеттерге жиі шығу көзделіп отыр. Порт халықаралық транспорттық компаниялармен бәсекеге қабілетті.

Маңғыстауда тағы Құрық порты бар. Құрықтан Бакуге, одан Грузия, Түркияға әрі қарай Босфор шығанағымен Еуропаға шығу ақиқатқа айналды. Порт ашылғалы бері 3 млн. 200 мың тоннаға жуық жүк тиелді. Биылдың өзінде 520 кеме өңделген. Құрық пен Ақтау портын қоса алғанда, 2020 жылға қарай жүк тиеп-түсіру көлемі 25 млн. тоннаға жеткізілмек. Еуразияның логистикалық картасында Қорғас-Шығыс қақпасының да алатын орны бөлек. Құрғақ порттан контейнерлер Құрық портына жетеді, одан әрі Каспий теңізі дәліздерімен Италияға асады. Ал, 2015 жылы бекіген «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 1-ші және 2-ші санаттағы халықаралық және республикалық маңызы бар жолдардың құрылысы жүріп жатыр.

Амангелді Беков, ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары:

- Бүгінгі таңда 2,4 мың шақырым жол қайта жаңартудан өтті. Сонымен қатар, 7,5 мың шақырым жөндеуден өтті. Қазір 4600 шақырым жолда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Инфрақұрылымдық жобалар теміржол мен авиация саласында да қарқынды. Биыл 10 айда транзиттік тасымал 17,5 есе өсіп, 3 мыңға жуық контейнерге жетті. Одан түскен пайда 310 млрд. теңге. Көліктік-логистиканың оң түзілуі мен шекаралардағы технологиялық процестердің тиімді реттелуі нәтижесінде әлемнің 160 елінің ішінде Қазақстан 71-ші орында тұр. Бұл салада ТМД мемлекеттерін түгел басып озған.

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу