Алматы - Тәуелсіздіктің тал бесігі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы - Тәуелсіздіктің тал бесігі

19.12.2017

Егемендік пен еркіндіктің жылнамасын бастаған қала. «Тәуелсіздік декларациясы» қабылданып, Тұңғыш Президенттің ұлықтау рәсімі де алып шаһарда өтті. Егемен елдің ең бірінші құндылығы саналатын - Ата заң да, мемлекеттік рәміздер де, төл теңгеміз де осында бекіді. Сондықтан, қала жұртшылығы айтулы датаны қастер тұтады. Мерейлі мерекеге орай танымал өнерпаздар концерт қойып, көпшіліктің көңілін бір серпілтті. Сондай-ақ, салтанатты шарада алып қаланың дамуына сүбелі үлес қосқан атпал азаматтар марапатталды.

Алматыда егемендік жарияланған соң, әлем жұрты Қазақстанды азат мемлекет ретінде таныды. Етек-жеңімізді жиып, іргені бекітіп, еңсені тіктегенімізге биыл 26 жыл толды. Әлбетте, аға буын мен бүгінгі ұрпақ өткен тарихын ұмытпайды. Себебі, олар Тәуелсіздіктің салмағын төмендетпей, мәртебесін асыру - аманат, деп біледі.

Асанәлі Әшімов, Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері:

- Бұл мейрамды жақсылап мейрамдауымыз керек. Өйткені, бұған халықтың еңбегі сіңді.

Қазір ірі мегаполисте сырттан жұмыс істеуге келетін адамдарды қоса есептегенде 3 млн-ға жуық халық тұрады. Қала аумағы соңғы 10 жылдың ішінде екі есе артты. Тәуелсіздік жылдарында мегаполисте 82 мектеп, 500 балабақша, 40 денсаулық сақтау және спорт нысаны салынып, 30 жолайрық ел игілігі үшін пайдалануға берілді.

Бауыржан Байбек, қала әкімі:

- Елбасының ұдайы қолдауының арқасында елімізбен бірге Алматы қаласы да ілгері басып, қала экономикасының қарқыны жыл сайын артып келеді. Тәуелсіздік алған жылдары қаламыздың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 10 пайызды құраған болса, бүгінде бұл көрсеткіш екі еседен аса артып Алматы ел экономикасының бестен бір бөлігін қамтамасыз етіп отыр.

Тоқсаныншы жылдардың басында әлемге Қазақ елінің орталығы ретінде танылған Алматыда түбегейлі өзгерістер болды. Содан бері жергілікті билік талай іргелі істі қолға алды. Өнеркәсібі дамып, шағын және орта бизнес өркен жайды. Міне, мереке күнінде елеулі еңбегімен ерекшеленген, тәжірибелі жұмысшылар марапаттап, оларға атқарушы билік өкілдері құрмет көрсетті. 

Рушангүл Гаитова, наубайшы:

- 30 жылдан астам осы нан-бөлке өнімдерін даярлаушы қызметін атқарып келемін. Бұл марапатқа мені лайық деп тауып, еңбегімді бағалаған Елбасыға өте ризамын. Барша Қазақ елін Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын.

Тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда, бүгінде алматылықтардың орташа еңбекақысы 27 есеге өсті. Ал, биыл үй кезегінде тұрған 6000 отбасына пәтер берілді. Сондықтан, әлеуметтің әлеуеті артқан алып мегаполис - республиканың маңызды қаласы ретінде одан әрі қарай дами бермек.

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу