ТМД-ның құрылуы тарихы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ТМД-ның құрылуы тарихы

16.12.2017

Өз Президентін сайлап алған, Тәуелсіздік туралы заңы қабылданған Қазақстан енді бұрынғы одақтас елдеріне алаң ұсынды. 21-желтоқсанда Кеңес одағының құрамында болған 15 елдің 11-інің басшылары Алатаудың бауырына жиналып «Алматы декларациясын» қабылдады.  Бұған дейін 8-желтоқсан күні Минскіде Ресей, Беларусь, Украина үштігі ТМД-ны құру туралы Келісім хаттамасына қол қойған еді. Декларация осы құжаттың салмағын арттырды. 

Құжатта ең алдымен, ұйымға мүше мемлекеттердің тәуелсіздігі мен егемендігі құрметтеліп, тең құқығы сақталатыны қадап көрсетілді. Оның құндылығы да сол болды. Одан кейінгі кезекте елдің даму бағытын айқындау, ұлттық қауіпсіздікті, жаңа мемлекеттік шекаралардың тұтастығын қамтамасыз ету тұрды.

Алматы декларациясы шеңберінде қабылданған шешімдердің орындалуына күмән келтіргендер де болды алғашында. Алайда, стратегиялық миссиясын мінсіз атқара білген Достастық өзінің өміршеңдігін дәлелдеді.

ТМД мемлекеттері табиғи және экономикалық мол мүмкіндікке ие. Оның территориясы жалпы құрлық көлемінің 16 пайызын алып жатыр. Яғни, Оңтүстік Америка, Австралия және Антарктида территориясынан бірнеше есе үлкен. Дүниежүзілік мұнай қорының 20 пайызы, табиғи газдың 40 пайызы, көмір мен орман алқабының 25 пайызы осында. Жер шарындағы халықтың 5 пайызы ТМД аумағында қоныстанған.

Экономикасы жоспарлы, орталыққа тәуелді болып келген 11 ел жеке Тәуелсіз мемлекет құрап, шаңырақтарын көтерді. Алайда, орналасуы, саяси-экономикалық жағдайлары ұқсас елдер ТМД сияқты бір ортақ ұйым құруы уақыт талабы еді.

 

Шынар АСАНҚЫЗЫ 

Хабарламаларға жазылу