Халықаралық «ЭКСПО» көрмесі – Тәуелсіздік жемісі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықаралық «ЭКСПО» көрмесі – Тәуелсіздік жемісі

15.12.2017

Егемен еліміздің тарихында толайым табыстар көп. Тәуелсіздігімізге тірек, елдігімізге тілек болған Астанамыз мәртебемізді биіктетіп, айбынымызды асқақтатты. Алысты жақындатты. Қазақ елін жатқа танытты, әлемге мойындатты. Оның бірден-бір дәлелі – халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінің өткізілуі.

«ЭКСПО-2017». 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысқан ауқымды шара. Көрменің үш ай жұмысында 40 президент, 9 Үкімет басшысы, 72 Сыртқы істер министрі Қазақстанға ресми сапармен келді. Жалпы, келушілер саны жоспарланған межеден еке есе асып түсіп, 4 миллионға жетті. «ЭКСПО» арқасында елімізде туризм дамыды. Отандық экономикаға мол инвестиция қосуға септігін тигізді. Көрме арқылы шетелдік меймандар қазақ елінің дәстүрімен, тарихымен, мәдениетімен танысты. 

Сүлейман Әл-Хербиш, ОПЕК ұйымының өкілі:

- Қазақстан «ЭКСПО» көрмесін абыроймен өткізіп жатыр. Ұйымдастыру деңгейі жоғары. Шетелдік мейман ретінде барлығына оң деген баға берер едім. Сондай-ақ, биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлап жатқаныңыздан хабардармын. Жас мемлекет үшін бұл үлкен тәжірибе.

Қазақстанның бас қаласында өткен ауқымды іс-шара әлем елдерінен келген сан мыңдаған адамның басын біріктіретін ортаға айналды. Дайындық және көрме барысында жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,3 пайызға артқан. Тауар өндіру 70 пайызға, туристік қызметтерге сұраныс 80 пайызға көбейді. Астананың инфрақұрылымы дамып, мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылды. Еліміздің халықаралық аренада беделі өсті. Қазақстан әлемге танылды.

Миранда Мохаби, шетелдік турист:

- Көрме барысында жүзеге асырылған жобалардың негізі таза экологиялық технологияға және жаңғыртылған энергетикаға бағытталған еді. Соның арқасында қазақ елі таңдаған тақырып әлемдік экономикалық дамудың басты кілтіне айналды. Мұның бәрі - Тәуелсіздік жемісі.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу