Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шаралар легі бүгін Ақордадан бастау алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шаралар легі бүгін Ақордадан бастау алды

15.12.2017

Тәуелсіздікті тұғырлы етуге үлес қосқан жандардың еңбегі еленді. Мемлекет басшысы олардың бірқатарын Ақордаға арнайы шақырып, «Отан», «Барыс», «Айбын», «Даңқ», «Парасат», «Құрмет» сынды ордендерді кеуделеріне тақты.

Жақсылық Үшкемпіров. Қазақтың қоржынына алғаш боп алтын салған спортшы. Олимп биігін бағындырған балуан. Ұлтын төрге сүйреп жүрген азаматқа бүгін жүлденің төресі бұйырды. «Еңбек ері» атанды.

Жақсылық Үшкемпіров:

- Менің бір арманым бар аға. Осы көп болса, 5 мыңнан аса ауыл бар шығар. Қазақтың 5 мың жігіті сол ауылымызды көтеріп жіберсек, одан басқа қандай бақыт керек. Біріксек, бұдан да биік шыңға жетеміз.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

–  Бірінші рет Кеңес одағының жеңімпазы болдың, ешкім айтқан жоқ. Дүниежүзінің жеңімпазы болды, оны да ешкім айтқан жоқ.

Жақсылық Үшкемпіров:

– Сіз айтып тұрсыз оны қазір.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Тәуелсіздік жылдарында біраз азаматтар қалталы болды, байыды. Енді тапқанының біразын елге берсеңдерші. Жас жұбайларға пәтер салып бердің, балабақша салдың. спорт кешенін салдың.

Жақсылық Үшкемпіров:

– Маған қанша адамдар келеді, жетім-жесірлер. Қолымнан келсе мал бәрі бар, бөліп беремін.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Етті де сатып жатсың қазақтың атын шығарып. Жарайсың!

Оны халқы «Қыз Жібек» деп таныды. Жылдар өтсе де, Жібек қалпын сақтап келеді. Адал махаббат пен сұлулықтың символына айналған сахнагер бүгін «Парасат» орденін кеудесіне тақты.

Меруерт Өтекешова, М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік драма театрының әртісі:

- Орден алғанда көзіме жас алдым шынымды айтсам, әлі қобалжып тұрмын. Сөз таба алмай жатырмын.

Ал, бұл жігіт бүгінгінің хас батыры. Мамандығы өрт сөндіруші. Бет қаратпас жалынның арасынан бірнеше адамды аман алып шыққан Русланның кеудесінде енді «Ерлігі үшін» медалі жарқырайтын болды.

Руслан Базарбаев, СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері:

- Күнде істейтін жұмысымыз ғой. Күнде өрт болады. Біздің жұмыс ол. Әрбір өрт сөндіруші күнде сондай ерлік жасайды.

Базаркүл Бердікенова 35 жыл бойы табан аудармай бір мектепте қызмет етті. Елбасы тапсырған «Құрмет» ордені ұстазға көрсетілген құрметтің белгісі.

Базаркүл Бердікенова, Алматы облысы Жамбыл ауданының «Қастек» орта мектебінің мұғалімі:

- Ұлы Абай айтқандай ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға дегендей, сол еңбегім далаға кетпей, бағаланып үлкен мәртебеге ие болдым. Елбасынан алам деп ешқашанда ойламап ем. Сондай мәртебеге ие болғаныма өте қуаныштымын.

Ақордаға ат арытып жеткендердің арасында аймақ басшылары да бар. Бүгін олар Президент қолынан марапат алуға арнайы шақыртылды. Елдегі ең жоғары награда «Отан» ордені Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облысының әкімдері Даниал Ахметов пен Бердібек Сапарбаевқа бұйырды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл жай емес, Қазақстанның 1 млн. халқының ішінен сіздерге бұйырды. Бірнеше мың марапат иелерінің ішінен өз қолыммен тапсыруға мүмкіншілік алдым. Мұның бәрі ерен еңбектеріңіздің арқасы. Әруақытта денсаулықтарыңыз мықты болсын. Бүкіл жұртқа өнеге боп жүре беріңіздер. Табысты болыңыздар. Мен марапат беруден жалықпайын. Сендер еңбектен жалықпаңыздар.

Олар – соңынан жүздеген, тіпті мыңдаған адамды ерте алатын көшбасшылар. Олар өз ісінің майталмандары. Олар – Тәуелсіз елдің батырлары, үлгі ететін ұландары. Ерен еңбегімен ерекшеленген азаматтар. Олар бүгін Елбасы қолынан еңбегінің лайықты бағасын алды.

 

Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу