Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабының тұсаукесері өткізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабының тұсаукесері өткізілді

15.12.2017

Елбасы кітапханасының сөресі тағы бір тың туындымен толықты. Бүгін Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабының тұсаукесері өткізілді. Тарихи публицистика жанрында жазылған еңбек жасампаз жылдардың жылнамасы іспетті.

«Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады!». Елбасы кітабының әлқиссасын осылай бастайды. Әрі қарай азаттықтың ауыр болған бес жылы баяндалып, ел болу жолында кезіккен кедергіні мүмкіндікке, тәуекелді табысқа айналдырған сәттер нақты дәлелдермен жазылған. Сын-қатерлер де назардан тыс қалмайды.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

- Елбасымыздың ой-толғаныстарынан тұратын, мемлекетіміздің негізін қалаған тұлғаның өз қолымен жазылған бұл кітапты – мен Тәуелсіздік энциклопедиясы дер едім.

Ержан Бабақұмаров, ҚР Премьер-министрі кеңсесі басшысының орынбасары:

- Бұл – Біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өткенге және болашаққа деген көзқарасы жазылған кітап. Меніңше, кітаптың құндылығы бәріміз үшін айқын көрініп тұр. Себебі, бұл туынды біздің мемлекетіміздің тарихын жасаған адамның қаламынан туып отыр. Сол себепті, кітап қашан да қажеттілігін жоғалтпайтын тұтас кезеңнің құжаты болып табылады.

Кітап «Мемлекетіміздің дүниеге келуі», «Ұлы бетбұрыс», «Қияға құлаш сермеу», «Қалыптасқан мемлекет» деп аталатын төрт тараудан, 506 беттен тұрады. Алғашқы үш бөлімге Қазақстанның бірінші және екінші жаңғыру жайы арқау болса, соңғы бөлімде үшінші жаңғыру арқылы озық отыздыққа кіру жолдары жазылған.

Бахытжан Жұмағұлов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бұл адами еңбек. Неге десеңіз, Елбасының өзінің басынан өткен, өзінің көрген әлем деңгейінде істеліп жатқан істермен қоса, елімізде болып жатқан жағдайлар туралы жақсы айтылған.

Ерлан Сыдықов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры:

- Тез арада бұл кітапты оқу жоспарына енгізіп, ЖОО студенттеріне ұсынуымыз керек. Екіншіден, бұл кітапты БҰҰ-ның ресми тілдеріне аударып, тез арада әлемге таратуымыз керек. Сондай-ақ, соңғы технологиялық мүмкіндіктерді пайдаланып, электронды нұсқаларын шығару қажет.

Бүгінгі тұсаукесерге жиналғандар туындының берерін айтып, бағасын берді. Бірі кітапты Тәуелсіздік энциклопедиясы десе, енді бірі Тәуелсіздік тарихының атласы деп атады. Себебі, Елбасы 18 млн. халықтың қамы үшін күнін арнаса, жүз жылға бергісіз ширек ғасырдың шежіресін жазуға түнін арнады. Мұны кітапты оқыған адам ғана ұғады.

 

Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу