Тәуелсіздік күні мен Астананың 20 жылдығы қарсаңында «Алматы-Астана-Қазан» бағыты бойынша жаңа темір жол желісі іске қосылды. Бүгін осы пойыздың алғашқы жолаушылары сапарға шықты. Осыған дейін бұл пойыз тек Алматыдан көрші Ресейдің Екатеринбург қаласына дейін баратын. Татарстан тұрғындары үшін қолайсыз еді.
Татарстан тұрғыны Талғат Калимзаров Алматыдағы туыстарына жиі қонаққа келеді. Сондықтан, бұл бағыттың ашылғанына қуанышты. Себебі, 66 жастағы зейнеткер бұрын Екатеринбургке дейін жетіп, ары қарай басқа пойызды күтетін.
Талғат Калимзаров, Қазан қаласының тұрғыны:
- Ең жақсысы, бұрынғыдай пойыздан пойызға ауысып жүрмейтін болдық. Тікелей Қазанға барамын. Уақыт пен қаржыны үнемдеу үшін де қолайлы.
Осы пойыз Алматыдан Астанаға, ары қарай Қызылжардан өтіп, Ресей шекарасына кіреді. Үш тәулікте Қазанға жетеді. Іші жылы. Жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасалған.
Едіге Мыханов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ вице-президенті:
- Жолдың ұзақтығы 3037 шақырымды құрайды. Пойыз құрамында 360 адамға арналған орын бар. Халықаралық бағыттарға жүретіндер үшін билет бағасында 15-тен 55 пайызға дейін жеңілдіктер болады. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстандағы Татар-Башқұрт конгрессінің қолдауымен жүзеге асты.
Барлық мемлекетаралық бағыттарға жасалған жеңілдіктер осы пойызға да жарайды. Яғни, 2018 жылдың аяғына дейін жолаушылар алдын ала билет сатып алса, жеңілдіктер болады.
Гриф Хайрулин, Алматы облыстық Татар-Башқұрт мәдени қоғамының төрағасы:
- Қазақстан мен Татарстан ортасында байланыс күшейе береді. Ол экономикалық тараптан да, мәдени жақтан да елімізге пайдалы. Президентімізге рахмет. Татарстанға рахмет.
Алматыдан Қазанға бет алған адамдарды шығарып салуға Татар-Башқұрт мәдени орталықтары мен қоғамдық бірлестік өкілдері арнайы келді. Олар өнерлерін көрсетіп, жолаушыларға ақ жол тіледі.
Мирас МҰҚАШ