EXPO көрмесінен алынған 5 жоба жүзеге асырылуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

EXPO көрмесінен алынған 5 жоба жүзеге асырылуда

20.10.2017

 

 

Атырау облысында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі тақырыбындағы нақты 5 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы бүгін Астанадағы баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді.

 

Аталған жобалардың жалпы сомасы 140 миллиард теңгеден асады.

 

Атырау қаласындағы жалпы ұзындығы 100 шақырымнан асатын 36 көшеге  энергия үнемдегіш лампасы бар жарық тартылады. Жоба  құны 2 миллиард теңгеден асады және ол мемлекеттік және жекеменшік тәсілімен жүзеге аспақ. 

 

Осылайша, жақын арада қала көшелерінде 3000-нан астам  светодиодтық лампалар пайда болады.

 

Еркебұлан Сатқанбай, Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметінің өкілі:

 

Бұл желілерге кәсіпкерлер өзі қызмет көрсететіндіктен, жоба бойынша құрылыс жұмыстары жеке кәсіпкер қаражаты есебінен жүргізіледі.  Жарық шамдарының сапасына кепілдеме беріледі. Ағымдағы жылы 19 көшеге орнатылмақ. Бүгінгі күні жоба-сметалық құжаттамасы жасақталып, нақтылануда.

 

Жалпы, ЭКСПО тақырыбымен танысып, көрмені тамашалауға  облыстан 82 мыңнан астам адам келген. Оның 20 пайызға жуығы - оқушы мен мұғалім және дәрігер. 

 

Облыс билігі жақын арада 23 «жасыл» технологияны енгізуді жоспарлап отыр.

 

Нұрлан Ноғаев, Атырау облысының әкімі:

Жалпы қуаты - 52 мбт жел электростанциясы Атырау облысының Исатай ауданында қазір құрылысы жүріп жатыр. Қабылданған кешен құрылысы жоспарға сәйкес 2020 жылға дейін бітеді. Оның жалпы құны 12 млрд теңгені құрайды. Арнайы экономикалық аймақта да жалпы құны 102 млрд теңге болатын газ электростанциясының құрылысы жүріп жатыр.

 

Өңірде бұдан бөлек, биыл 4 ірі өндіріс ошағы іске қосылып,300 жұмыс орны құрылған. Олардың барлығы соңғы үлгідегі техникамен және технологиямен жабдықталған.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу