«ЭКСПО» көрмесі өтіп жатқан кезде қалашыққа әдейі қауіпті зат алып кіруге тырысқан ешкім болмады. Мұны бүгін баспасөз мәслихатында жергілікті полиция басшысы Бақытжан Малыбаев айтты. Жалпы, 3 ай бойы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін 9 мыңға жуық қызметкер жұмылдырылған. Оның 4 мыңнан астамы көрме аумағында қызмет етті. Полицияның қырағылығынан бөлек, «ЭКСПО» аумағына бейнебақылау камералары орнатылып, тексеріс күшейтілді. Шара аясында қаладағы қылмыс деңгейін төмендетуге бағытталған бірқатар жұмыстар жүргізілген. Нәтижесінде көшелердегі қылмыс саны 19 пайызға, қоғамдық орындарда 2 пайызға азайған.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ