Конголықтар «ЭКСПО-2017» көрмесіне болашақтың энергиясы ретінде кәдімгі тезекті әкелген. Қой-сиырдың жапасын жапан-түзге шашып-төкпей, жинап-теретін болса, Қазақстан да биогаз өндірісінде әлемдік державаға айнала алады. Тезекті газға айналдыратын құрылғыны жасап алғандардың бірі – Мұханбет Сайыров. Бұл отбасында коммуналдық шығын жоқ.
«Қазақстанда Күн сәулесі жылына 200 күн бойы түсетін құм-шөлейттер көп. Одан 2 млрд кВт қуат алуға болады. Бұл – Қазақстан секілді үш елге жететін энергия», - дейді аргентиналық ғалым Пауло Ботта.
Ел аймақтарында салынып жатқан Күн электр станцияларының ең алыбы Жуалы ауданында орналасқан. Жобаның аумағы 150 гектарды алып жатыр. Қуаты 50 МВт-ты құрап, электр қуатын өндіруде. Күн сәулесін тоққа айналдыратын 196 мың дана панель тұр.
Қазақстан Күннен бөлек, Желден де жеткілікті энергия өндіре алады. 2011 жылдан бері елімізде 13 жел электр станциясы салынды. Олар Қордай асуында, Ерейментау жазығында, Жаңатас қаласының іргесінде орналасқан. Елбасының тікелей бастамасымен жасыл экономикаға ауысу тұжырымдамасы да әзірленді. Онда 7 бағыт қарастырылған. Әуелгісі – осы жаңартылатын энегрия көздерін енгізуді көздейді.