EXPO елге не береді? Соңғы есеп бойынша халықаралық шараны көруге 4 миллионға жуық адам келген. Халықтың көкейіндегі сауал - «Шара аяқталған соң шыны ғимараттар қандай қажеттілікке жарайды?».
«Екі үлкен ғимарат халықаралық қаржы орталығына беріледі. Тағы бір ғимарат Қазақстанның үнемі жұмыс істеп тұратын көрмесі болады. Өңірлер келіп өз жетістіктерін көрсететін орын болуы керек. Қалатын бос нысандар тоқтап қалмай жұмыс істеуі керек». Бұл - Елбасы тапсырмасы.
Астана әкімдігі EXPO көрмесінен өзімізге енгізбекке 8 жобаны таңдап алған. Оның ішінде француздар әкелген термоқабырға, поляктардың көк көмірі бар. Көк көмірдің жылуы 20 есеге артық, 80 есеге таза. Қазақстан тарапы мұндай экологиялық таза отынға қызығушылық танытып отыр. Қытайлықтар ойлап тапқан жылу электр станцияларына арналған сүзгіштер ауа тазалығын сақтау үшін тиімді. Ресейліктер ұсынған ұнамды жаңалық - Күн сәулесімен бірге жылжып, қуатты максималды алатын панельдер.
«Германия, Литва мен Латвия әкелген жобаларды зерттеп жатырмыз. Бұл жаңашылдықтар энергияны тиімді пайдалану мен үнемдеуге жол ашады. Сондықтан, 8 жобаны Үкімет тарапына толық зерттеуге жолдадық», - дейді Астана әкімдігінің басқарма басшысы Рустам Қадыров.