Оңтүстік Қазақстан облысында халықаралық көрме қонақтары үшін 6 туристік бағыт ұйымдастырылып отыр. Таңдап алынған аймақтар - Түркістан шаһары, ежелгі Отырар қалашығы, Қазығұрт тауындағы Нұқ пайғамбар кемесі секілді тарихи орындар және әсем де тылсым табиғатымен еліктіретін жерлер. Қонақтар сапар кезінде сондай-ақ, Арыстанбаб, Ясауи кесенелері секілді киелі орындарға тәу етіп, шежіресіне қаныға алады. Оның маңайындағы діни, рухани, сәулеттік ескерткіштерді соқпақтармен жаяу аралап көруіне мүмкіндік жасалған. Мұнан бөлек жергілікті жердің мәдениеті, тұрмыс-салты мен шеберлердің қолөнер бұйымдарын қызықтайды. Саяхатқа 10-15 адамнан құралған топ шыға алады. Әрбір туристік бағыт 3-5 күнге лайықталады. Олардың бағасы да әр түрлі. Туристік саяхаттың шығыны - 62 мың мен 106 мың теңгенің аралығы. Саяхатшыларға ұлттық компаниямен арадағы келісімге сәйкес 4 туристік оператор қызмет көрсетеді.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ