Баянауыл ұлттық табиғи паркі Астанада өтетін EXPO-2017 халықаралық көрмесінде Павлодар облысының «төлқұжаты» болады.
Бұл туралы Павлодар облыстық Кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының алқа мәжілісінде мекеме басшысы Александр Бабенко мәлімдеді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Басқарма басшысының айтуынша, бұл мақсатқа Баянауыл өңірінде туристк кластерді дамытуға бағытталған бас жоспар негізінде қол жеткізілмек.
«Баянауыл ұлттық паркі - «Астана кластері» туризмді дамыту кешенді жоспарының бір бөлігі. Осы арқылы Баянауыл халықаралық көрмеде Павлодар өңірінің бетке ұстарына айналады. Алда атқарылар жұмыс көп. Қазіргі таңда Жасыбай көліндегі экологиялық жағдай көңіл көншітпейді. Жағажай туризмі нашар екенін айтпасқа болмас. Сол себепті ұлттық паркте саланың өзге де бағыттарын дамытуға күш салынады. Мәселен ,этнографиялық, тарихи және спорттық туризмге көңіл бөлінеді. Осылайша, демалуға келушілердің қатарын арттыру көзделген», - дейді А. Бабенко.
Баянауыл демалыс орнын дамыту жобасы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады. Осы орайда «Жасыбай көлі - Жаңажол ауылы», «Торайғыр көлі - С. Торайғыров кесенесі» және «Жасыбай көлі – Торайғыр ауылы» бағыттарындағы автомобиль жолдарын жөндеу бойынша құжаттама әзірленбек.
Сонымен қатар, Сабындыкөл қосымша станциясынан Жасыбай демалыс орнына электр желісі тартылады.
Айта кетерлігі, өткен жаз мезгілінде Баянауыл демалыс ошағына 134 мыңнан астам турист келген. Бұл - 2013 жылғы салыстырмалы кезеңге қарағанда 28 пайызға өскен.