«Өскемен EXPO-2014» көрмесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Өскемен EXPO-2014» көрмесі өтті

26.05.2014
Шығыс Қазақстан облысында «Өскемен EXPO-2014» көрмесі өтті. «Жасыл» технология саласындағы ғылыми-техникалық жетістіктер таныстырылған ауқымды шараға 12 елдің өкілдері қатысты.
 
Олардың ішінде Нобель сыйлығының лауреаттары, ірі кәсіпкерлер мен ғалымдар және әлемнің түкпір-түкпірінен Елшілер бар.
 
Мәртебелі меймандар көрмеге қойылған инновациялық жобаларды тамашалап, әуесқой өнертапқыштардың креативті идеяларын тыңдап қайтты.
 
Шығыс Қазақстанның Зайсан ауданындағы Кендірлік кен орнында қоңыр көмірдің қоры мол. Олардан химиялық жолмен гуминді сорбент алып, ірі өндіріс орындарынан шығатын ақаба суларды тазартуға болады. Бұл тың әдісті Өскеменнің білікті химиктері ойлап тапқан.
 
Бәтима Тантыбаева, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ химия кафедрасының доценті:
Біздің сорбенттеріміз ауыр металлдарды, мыс,қорғасын, темір иондарын өз бойына сіңіріп,суды тазартуда үлкен рөл атқарады.
 
3 ай бұрын Шығыс Қазақстанда «Болашақтың қуаты» атты байқау ұйымдастырылған. Оған 86 адам өз жобаларын ұсыныпты. Сарапшы топтың шешімімен 21 жеңімпаз анықталып, «Өскемен EXPO-2014» көрмесіне қатысуға мүмкіндік алды.
 
Жобалардың басым бөлігі баламалы энергетикамен байланысты болғанымен, ел-жұрттың назарына экология, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау саласына қатысты жобалар да ұсынылды. Мәселен, Мәсімов сауықтыру орталығының өкілдері түберкүлез ауруын тез анықтайтын заманауи аппарат пен арнайы тестерлерді көрсетті. 
 
Арай Төлемісова, медицина ғылымдарының докторы:
10 минут ішінде түберкүлез ауруының бар-жоғын анықтауға болады. Бұл экспресс-тестер, «Мәсімов сауықтыру орталығында» салынған зауытта шығарылатын өнім.
 
Қазір әлемнің көптеген елдері атом энергетикасынан бас тартып, баламалы энергия көздерін пайдалануға көшіп келеді. «Ал, шығыс өңірінің бұл бағытта мүмкіндігі мол», дейді шараға қатысқан ғалымдар.  
 
Клаус Тиссен, профессор:                                                                                                        
Сіздерде Күн, жел, ұлан ғайыр кең дала бар – осы табиғи байлықты пайдаланбай отыруға болмайды. Тіпті, Қазақстанның Туында көк аспандағы жарық Күн бейнеленген. бұл тағдырдың белгісі. Қазақстанның нағыз патриоты Күн энергетикасымен шұғылдануы керек.
 
Бердібек Сарпарбаев, облыс әкімі:                                                                                               
Нобель сыйлығы лауреаттарының, дүниежүзіне белігілі ғалымдар мен саясаткерлердің келгені біздің облыстың экономикасының, оның ішінде ғылымының дамуына үлкен үлес қосады ,деп сенеміз. Оның үстіне, ол кісілер біздің жобаларды көріп, өздерінің ойларын  айтты.
 
Шығыс Қазақстан облысының еліміз бойынша «жасыл» экономика саласындағы көшбасшы өңірге айналу мүмкіндігі де мол. Пленарлық отырысқа қатысушылар осындай ой-пікірлерін де айтты.
 
Бұдан соң, олар студентермен кездесті әрі қаладағы ірі зауыттырдың жұмысымен танысты. Ал, шетелдік қонақтардың кейбірі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларына «EXPO аллеясына» ағаш көшеттерін отырғызуға көмектесті. «EXPO-2017» көрмесіне орай бұл жерде 2017 ағаш отырғызылды. 
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу