Ұлттық дәстүр EXPO-ның басты нышаны болуы керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық дәстүр EXPO-ның басты нышаны болуы керек

14.03.2014
Ұлттық дәстүр EXPO-ның басты нышаны болуы керек
Мамыр айында EXPO қалашығының құрылысы басталады. Ал маусымда Қазақстанға Халықаралық көрмелер бюросының ресми туы табысталады.
 
Бүгін Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Гонсалес Лоссерталес баспасөз мәслихатын өткізіп, Қазақстандағы   үш күндік сапарын қорытындылады.
 
Лоссерталес көрмені өткізуге жауапты қазақстандық билік өкілдерімен бірнеше кездесу өткізген. Белгілісі, жобаның барлық құқықтық құжаттары қабылданып, қалашықтың бас жоспары бекіген.  
 
Дулат Абибуллаев, тілші:
Дәл осы жерде, яғни, Назарбаев университетіне қарам-қарсы жатқан 174 гектар аумақта EXPO қалашығы бой көтереді. Осылайша, бұл жерде 2-3 жылда 1 миллион 300 мың шаршы метр ғимарат тұрғызылады. Ұлттық жобаны Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы спорттық Олимпиадамен салыстырды.
 
Виссенте Гонсалес Лоссерталес,    Халықаралық көрме бюросының Бас хатшысы:
EXPO маңызы мен мазмұны бойынша спорттық Олимпиададан кем емес. Ерекшелігі - спортта көпшілік тек көрермен ретінде қатысса, бұл бүкілхалықтық жоба. Қазақстанның басқа да халықаралық шараларды қалай өткізіп жүргенін байқап жүрмін. Бұл ретте EXPO тиісті деңгейде өтпейді дегендерге айтарым, олар Қазақстанды білмейді, не болмаса EXPO -ның мағынасын мүлдем түсінбейді.
 
Лоссарталес «Ұлттық өнер мен дәстүр - көрменің басты көрнекіліктерінің бірі, онсыз болмайды», деді. Кездесулерде осы тақырып терең талқыланған. EXPO қалашықта этноауыл салу қарастырылуда.
 
Талғат Ермегияев «Астана ЭКСПО - 2017» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:
Ол мәселе бойынша біз Мәдениет министрлігімен бірігіп жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстан павильоны жанынан тарихымызды көрсетуге 3 мың шаршы метр жер бөлінеді.
 
Көрмені өткізу - Қазақстан дипломатиясының үлкен жетістігі. Алдағы маусымда Парижде өтетін Халықаралық бюроның Бас ассамблеясында көрменің ресми туы біздің елге табысталады. Сол сәттен бастап, Сыртқы істер министрлігі барлық мемлекеттерге шақыру жолдайды.
 
 Рәпіл Жошыбаев, ҚР СІМ бірінші орынбасары:
Біз қазір үлкен құжат дайындап жатырмыз. Көрмені өткізу құқығына ресми түрде ие болғаннан кейін Үкімет басшысының атынан, ел Президенті атынан барлық Халықаралық көрмелер бюросына мүше елдерге және басқа мемлекеттерге шақыру жолдайтын боламыз. Бұл - өте жауапты жұмыс.
 
Қалашықтағы құрылыс жұмыстарын жүргізетін бас мердігер әзірге анықталған жоқ. Барлық нысандардың жобалық сметалық-құжаттамасы дайын. Көрмеден кейінгі қалашықтың қызметі EXPO туралы арнайы Заңмен реттелетін болады.
 
Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу