EXPO-2017 көрмесінің құрылысы көктемде басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

EXPO-2017 көрмесінің құрылысы көктемде басталады

21.02.2014
EXPO-2017 көрмесінің құрылысы көктемде басталады
 
EXPO-2017 көрмесінің құрылысы көктемде басталады. Нақтырақ айтсақ, сәуірде. Ал келер жылы Елордада EXPO-2017 алаңын жылумен қамтамасыз ететін магистраль салынбақ.
 
Ең бастысы, бой көтеретін биік нысандар бос қалмай, көрмеден кейін де кәдеге жаратылуы тиіс.
 
Сол ғимараттардың 450 мың шаршы метрі тұрғын үй кешендері ретінде ел игілігіне беріледі. Ал көрме алаңы кейін де талай турист таңдай қағып тамашалайтын аймаққа айналады. 100 күнге жуық созылатын жәрмеңке кезінде 10 мыңнан аса жұмыс орны ашылады.
 
EXPO халықаралық көрмесі. 166 жылдық тарихы бар. Көрме - әлемдегі озық технологиялар жәрмеңкесі, ақыл-ойдың жарысы.
 
Жалпы, спортта Олимпиада ойындарының маңызы қандай болса, экономикада да ЕХРО-ның орны сондай. Сондықтан, көрмелердің төресін өз елінде өткізуге әркімнің-ақ бар таласы.
 
Жәрмеңке үш айға созылса, сол үш айда 5 миллион саяхатшы келеді деген жоспар бар. Бес миллион адамның құр келіп-кетпесі анық. Қазақтың елін, жерін көреді. Әрі бұл қонақтар әрқайсысы кемінде бір-екі мың АҚШ долларын тастап кетеді, яғни, экономикаға пайда әкелетін қонақтар.
 
EXPO көрмесіне әлі 3 жыл бар. Бірақ, мемлекет уақыт бар деп, арқасын кеңге салып отырған жоқ. Енді 1 айдан соң құрылыс басталады. Ал келер жылы Елордада жалпы ұзындығы 21,5 шақырым бесінші жылу магистралі салынады. Сол магистраль қаланың солтүстік-батысын, оңтүстік-батысын былай қойғанда, EXPO-2017 алаңын да жылумен қамтамасыз етеді.
 
Қанағат Кенжебекұлы, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК»АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі:
Көрме құрылысының өзі екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі - көрме өтетін аймақ. Бұл үшін халықаралық көрме бюросының бекіткен 25 гектары бар.
 
EXPO нысанының жалпы аумағы - 173,4 гектар. Оның 25 гектары көрме кешенiнiң өзiне тиесiлi. Осы аумақта 24 000 шаршы метрлі біркелкі көпқабатты үйлер салынады. Көрменің символы - осы. Ал 148 га аймақта әлеуметтiк-мәдени, бiлiм және ғылым, денсаулық сақтау нысандары, сауда және ойын-сауық орталықтары, саябақтар бой көтереді, желекжолдар орналасады.
 
Ал, EXPO қалашығын Есiл ауданында, Қабанбай батыр, Хусейн бен Талал, Орынбор және Рысқұлов көшелерi мен даңғылдарының аумағында салу жоспарланған.
 
Әсел Қожақова, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Коммуникациялар және маркетинг департаментінің директоры:
Көрме кезінде елге кем дегенде 2-3 миллионнан аса турист келеді деп жоспарлап отырмыз. Саны бұдан да көп болуы әбден мүмкін. Шетелдіктердің барлық жағдайын жасау үшін Ұлттық компания ғана емес, жауапты көрме жұмыстарына көптеген мемлекеттік органдар тартылды. Барлығы да салынатын жаңа қонақүйлер, тегіс жолдар және қызмет көрсетудің сапасына тікелей жауапты болады.
 
Әсем Изатқызы, тілші:
«Болашақтың қуаты». Қазақстан ұсынған бұл тақырып дер кезінде көтеріліп отыр. Қазір адамзат мұнай, газ, көмір, уранға тәуелді. Әрі санамалап шыққан қуат көздерінің барлығы дерлік таусылуға таяп қалды. Сол себепті қазақ жерінде өтетін 2017 жылғы EXPO көрмесінен кейін әлем келбеті өзгеруі керек.
 
ӘсемИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу