EXPO-2017 көрмесін өткізу үшін үлкен кешен салынады. Ол қандай болмақ және басты нысаны қайсы? Бұл мәселе қыркүйекке дейін шешіледі. Ал бүгін Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы көрме орталығына барып, жаһандағы мықты сәулетшілер ұсынған бірнеше жобаның эскизін салмақтады.
Көрме көретін дүние болса ғана - көрме. Қазаққа EXPO-2017 салмақты жүк болып тұр. Дегенмен, дайындық күшті. Көрме өтетін кешенді таңдау үшін бәйге жарияланған. Сол бәйгеге жаһанның 20 мемлекетінен 50 сәулетші жоба ұсыныпты. Әрісі АҚШ, берісі Ресейге дейін бар. Іріктеуге 48 жоба түскен. Көрмені өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия кеңесе келе қазақтың қолайына жағады-ау деген 10 жобаны жіктейді, соның төртеуін бүгін Президентке көрсетті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл қазақ тарихында бір-ақ рет болады. Сонша елдің арасынан біз осы көрмені өткізу құқығын жеңіп алдық. Қазақстан, Астанамыз үшін халыққа көрсететін негізгі үлкен нысанның бірі болып қалады. Сондықтан, біз жан-жақты қарауымыз керек.
Президент бұл байқауға қатысқан барлық сәулетшілерге ризашылығын білдіріп, алғысын айтты. Содан кейін жарамды-ау деген жобаларды жеке-жеке талқылады.
Мемлекет басшысы маңызды тапсырманы баса айтты. «Не салынса да, үш-төрт айлық көрме үшін салынып, кейін қаңырап қалмауы тиіс. Барлығы да кәдеге жарайтын болуы керек», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Француздардың тематикасын, жапонның жабық қаласын қосып, жақсы жоба шығарайық.
Сонымен, түрлі жобаларды бір-біріне кіріктіріп, біріктіріп, қиюластырып бір жоба шығару туралы ұсыныс бар. Дегенмен, бұл да соңғы шешім емес. Тек ұсыныс әзірге. Өйткені, талап күшті.
Талғат Ермегияев, «Астана EXPO-2017» ҰҚ басқарма төрағасы:
Тек қана бейнесі, әдемілігі ғана емес, инженерлік, баламалы энергияға қатысты мәселелерді қарайтын техникалық кеңес құрып, соған шетелден мамандар шақырдық.
Қалай десек те, ауқымды істің басталғаны анық. Көрер көзге ұсынылған жобалардың барлығы да сүйкімді. Тек сол қағаз бетіндегі қаңқалардың шын құрылысқа айналуын айт.
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ