Жастар «EXPO-2017» көрмесіне үлес қосуға ниетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жастар «EXPO-2017» көрмесіне үлес қосуға ниетті

14.06.2013
Жастар «EXPO-2017» көрмесіне үлес қосуға ниетті
Еліміздің жастары «EXPO -2017» көрмесіне үлес қосуға даяр. Алматыда «EXPO көрмесі өскелең ұрпақтың көзімен» атты ғылыми-жобалар байқауы мәресіне жетті. Жарты жылға созылған білім бәйгесіне республикамыздың әр өңірінен 50-ден астам оқушы мен Өзбекстан және Қырғыз елінің 20-ға жуық жас ғалымы қатысты.
 
Ақтық сынға үздік деп танылған 25 жоба жолдама алды. Олардың қатарында су және қуат үнемдеуші құрылғылар мен күн сәулесінен қуат алатын инновациялық жаңалықтар бар. Ал биологиялық жолмен жарықпен қамтамасыз ететін және экологияны тазартатын аспаптар көптің көңілінен шықты.
 
Ұйымдастырушылар жас ғалымдардың барлығына мақтау қағаздарын табыс етіп, 2 жұмысты іріктеп алды. Болашақта бұл жобалар жетілдіріліп, 2017 жылы көптің назарына ұсынылады.
 
Егор Воловик,  ұйымдастырушы
Балалардың таңдаған тақырыптары мен жұмыстары әр алуан. Мәселен, Қызылордадан келген оқушы күн сәулесінен қуат алып, суды тазалайтын құралды ойлап тапқан. Одан алынған өнім бау-бақшаларды суаруға жұмсалады. Екінші мәрте тазаланып шыққан соң, су ішуге де жарамды. Жалпы, барлық жобалардың өзіндік ерекшелігі бар. Қуантарлығы - біздің байқауымызға алыс-жақын шетелдіктер де қызығушылық танытып, өз жұмыстарын таныстырды. 
 
Әйгерім МУСИНА
 

Хабарламаларға жазылу