Еуразиялық Экономкалық Одақ елдері Алматыда цифрландырудың келешегін талқылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуразиялық Экономкалық Одақ елдері Алматыда цифрландырудың келешегін талқылады

01.02.2019

Бүгін Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше мемлекеттердің технопарктері бірігіп жұмыс істеу туралы декларацияға қол қойды. Құжатты «Astana Hub» халықаралық технопаркі», Ресейдің «Сколково» қоры, Қырғызстанның «Жоғары технологиялар паркі», Арменияның «Кәсіпорындар инкубаторы» қорының өкілдері мақұлдады. Мақсат - ортақ экономикалық кеңістікке біріккен елдер арасындағы технологиялық алшақтықты қысқарту. Алматыда бас қосқан Еуразиялық Экономикалық Одақтың Үкімет басшылары цифрландыру мәселелерін де жан-жақты талқылады.

Алқалы жиында технологиялық индустрия саласындағы әлемдік сарапшылар Еуразия инновациялық экожүйесінің даму тетіктерін талқылады. Мәселен, алдағы уақытта бірлескен инновациялық жобалар құрылмақшы. Сондай-ақ, стартап компаниялар мен ІТ саласына жас мамандарды даярлау ісі ілгерілеп, оларға қолдау көрсетіледі.

Джозеф Циглер, «Astana Hub» халықаралық технопаркінің тәуелсіз кеңесшісі:

- Біз адамдарға цифрлық ортаға қалай инвестиция салу керек екенін үйретуіміз керек. Міндетіміз – осы процеске шеттен қатысушылар тартып, клиенттер базасын кеңейту. Себебі технологиялық парктерді біріктіріп, олардың тек ел ішіндегі емес, аймақтарда орналасқан парктермен көп жұмыс істеуіне мүмкіндік берген жөн.

Джей Франсуа Готье, StartUp Genome-ның негізін қалаушысы және бас директоры:

- Өндірістік интернет, жасанды интеллект, ортақ мәліметтер базасы, медицинадағы блокчейн технологиялары, ауыл шаруашылығы, логистика саласында көптеген мәселелер бар. Сондықтан тиімді жұмыс істеу үшін іргелі ғылым мен білімді, стартаперлар мен ірі компанияларды, капиталды біріктіру өте маңызды.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев сапалы маман даярлау үшін Астанада жаңа ІТ университеті ашылатынын мәлімдеді. Премьер-Министрдің айтуынша, қазір Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 60 пайызы Электронды үкімет порталы арқылы іске асып келеді. Ал, биыл бұл көрсеткішті 80 пайызға жеткізу міндеті тұр. Сонымен қатар, eGov-тан мобильді үкіметке көшу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Әділет Нұрғожин, «Astana Hub» халықаралық технопаркінің директоры:

- Негізінде жобалар көп. Қазіргі таңда екі ірі заң қабылданды.

Форумда Еуразиялық Экономикалық Одаққа қатысушы елдердің технопарктерін интеграциялау туралы меморандумға қол қойылды.

Аркадий Дворкович, «Сколково» қорының төрағасы (Ресей):

- Қазір одақ аясында тауар мен қызмет түрлері еркін іске асып жатыр. Енді тиімді жобаларға басымдық беретін уақыт жетті. Бізді қазақстандық новаторлардың пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы жобалары қызықтырды. Үлкен мәліметтер базасы қаржы жүйесіндегі төлемдерді бақылауға, қаржылық құқықбұзушылықты болдырмауға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы саласында түрлі дәнді дақылдарды өсіру мен будандастыру саласында да өте қызықты жобалар бар екен.

Жиында шағын және орта бизнесті цифландыру мәселесі қызу талқыланды. Сарапшылар шығындарды қысқартып, өнімділік арттыратын сауда-логистикалық платформаларды құруды ұсынды.

Турат Булембаев, «Qoovee.com» халықаралық сауда платформасының негізін қалаушы:

- Бүгінде әлемнің кез келген нүктесінде тұрып-ақ өз тауарыңызды қалаған жерге сата аласыз. Бұл - өте тез дамып келе жатқан сала. Электронды коммерцияның жалпы айналымы соңғы жылы 3 триллион доллардан асқан. Мысалы, тек біздің платформаның өзін 50 мемлекет пайдаланады. Оның 10 пайызы отандық компаниялар мен жеке кәсіпкерлер. Яғни, отандық бизнесте сандық технология жоғарғы деңгейде қолданылады. Бірақ әлі де дамуымыз керек. Тек тауарды сату емес, қызмет көрсетумен де айналысуға болады. Қазақстан үшін осы жағы тиімді.

 «Astana Hub» халықаралық технологиялық паркіндегі стартаптардың көпшілігі интернет саудаға бағытталған. Өйткені отандық кәсіпкерлер өндірістерін автоматтандыруға ұмтылып отыр. «Сондықтан жаһандану дәуіріндегі цифрландыруға арналған ауқымды шараның елімізге тигізер пайдасы зор», - дейді сарапшылар.

Аманкелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу