ХҚКО-дағы кейбір қызмет түрлеріне төлқұжатсыз жүгінуге болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ХҚКО-дағы кейбір қызмет түрлеріне төлқұжатсыз жүгінуге болады

18.12.2018

Қазақстанда цифрландыру бағдарламасы қарқынды жүріп жатыр. Қазір барлық салаға озық технологиялар енгізіліп, жетілдіріліп жатыр. Бұл бағыт мемлекет деңгейінде қарастырылып, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бекітілді. Бұрын мемлекеттік және өзге де мекемелерде ұзынсонар кезекте тұрған тұрғындар қазір қызметтің басым бөлігін электронды түрде ала алады.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

- Қазір мемлекеттік қызмет көрсетулердің барлық түрлерін дерлік электронды түрде алуға болады. Ол үшін қарапайым Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан бөлек, мынадай арнайы электронды халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылған екен. Ендеше солардың біреуімен біз де танысып көрейік.

Міне, бар-жоғы 2 минуттың ішінде менің биометриялық мәліметтерім базаға енгізілді. Енді ақпарат алу үшін маған төлқұжатымның қажеті жоқ. Мен саусақ ізім арқылы өзіме қажетті қызмет түрін ала аламын.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

- Ал, мына көлікте мен жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін қайтадан емтихан тапсыра аламын. Бұл жерде барлығы шынайы көрсетілген. Барлығын тапсыруымызға мүмкіндігіміз бар. Бастысы, бұл жерде нұсқаушының қажеті жоқ.

Дмитрий Хегай, электронды қызмет орталығының жетекшісі:

- Қазақстанда цифрландыру өте жоғары қарқынмен дамып жатыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын қойып, 2000 жылдармен салыстыруға келмейді. Әуелде барлық қызметті бір терезеден алу жолын қарастырсақ, енді міне, барлық қызметті цифрлы форматта онлайын алуға болады.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

- Қазақстанда ең алғашқы Халыққа қызмет көрсету орталығы 2007 жылғы 5 қаңтарда ашылған. Әуел баста ол тек 25 қана қызмет түрін көрсетті. Ал, қазір ше? Халыққа қызмет көрсету орталықтарында 598 қызмет түрін алуға болады. Оның 454-і электронды түрде қолжетімді. Міне, цифрландыру саласының тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктері осындай. Біз қазір үйден шықпай-ақ, кез келген қызмет түрін онлайн алуға мүмкіндік алдық.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу