Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің жас ғалымдары робототехника бойынша стартап жобалар жасауды қолға алады. Бұл туралы университеттің Баспасөз орталығы хабарлады.
Орталықтың хабарлауынша, оқу орнының базасында осы тарапта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған арнайы секциялық үйірмелер құру көзделіп отыр.
Онда университет ғалымдары робототехника бойынша өңірдегі жоғарғы оқу орындарының білімгерлері мен мектеп оқушыларын заманауи зертханалық жұмыстарға тартып, олардың ғылыми әлеуетін көтермек. Мақсат – жастардың робототехника бойынша ғылыми-техникалық шығармашылық қабілетін дамыту.
«Бұған Қыздар университетінің материалдық-техникалық базасы толық мүмкіндік береді. Физика-математика факультетінің жанындағы «Робототехника» зертханасы Lego, Аrduino және Raspberry роботтарымен, оқу-әдістемелік және бағдарламалық нұсқаулықтармен жабдықталған. Робот техникаларымен жұмыс істеу баланың ойлау қабілетін дамытып, өзге пәндерді де жақсы меңгеруіне септігін тигізеді», - дейді Баспасөз орталығының жетекшісі Ж.Асан.
Marwin брендімен жабдықталған жиынтықтар арқылы студенттер теория мен тәжірибені ұштастыра алады. Сонымен қатар, заманауи құралды терең меңгере түседі. Бұл – шығармашылықтың тың түрімен айналысуға мүмкіндік береді.
«Робот техникаларымен жұмыс істеу баланың ойлау қабілетін дамытып, өзге пәндерді де жақсы меңгеруіне септігін тигізеді. Университет студенттері Lego құрастырмалы бөлшектерінен арнайы бағдарлама арқылы өздігінен жүретін түрлі роботты көліктер, түрлі кедергілер кездессе де, өз бағытынан таймайтын танкілерді құрастыруды үйренуде. Олар бастапқыда шағын машиналар құрастырып, кейіннен күрделі бағдарламаларға көшеді. Мақсат – болашақ педагог мамандарға робот техникаларын құрастыруды жете таныстыру, заманауи технологиялармен жұмыс істеуге машықтандыру, – дейді Ж.Асан.