Бұл туралы Астана форумында айтылды. Ақпарат алмасу қарқыны 5G форматын енгізу арқылы арттырылады. Қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа формат келер жылдан бастап алдымен ірі қалаларда, 2021 жылға дейін барлық өңірлерге енгізілмек.
Форум биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. 400-ден астам қазақстандық және шетелдік маманның басын қосқан шарада күнделікті тіршілікті ғаламтор көмегімен жеңілдету тақырыбы талқыланды. Цифрлы технологиялар ауыл шаруашылығы, қауіпсіздік, «ақылды» қала, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық сияқты салаларда кеңінен қолданылуы тиіс. Болашаққа жоспарланған ауқымды жұмыстардың бірі 5G стандартын енгізу.
Самат Иенбаев, «Қазақтелеком» АҚ Қызметтерді дамыту департаментінің директоры:
- Бүкіл әлемде енді стандартталып жатыр, оны енгізудің әр түрлі жолдары бар. Оңай шаруа емес. Технологиядан бұрын компания өзінің ішкі құрылымын да өзгертуі керек.
Томас Хельм, К.Аденауэр атындағы қор Қазақстандағы өкілдігінің директоры:
- Форумда айтылған жұмыстарды іске асыру үшін жылдам интернет, білімді мамандар және өзгелерге жол көрсететін көшбасшы компания болуы керек. Қазақстанда бұл мүмкіндіктердің барлығы бар. Жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Жуық арада жоспарлардың жүзеге асарына көзім жетті.
Форум барысында көпшілікке таныстырылған жобалардың бірі - ұшқышсыз басқарылатын барлау құрылғысы. Қолданылу аясы өте кең. Оның көмегімен 3D форматта түсірілген суреттердің спутниктік барлаудан да артықшылықтары бар.
Сергей Крицкий, компания жетекшісі:
- Егіс алқаптарында жұмыс істесе, топырақтың құнарлылығын, дақылдардағы мәселелерді, тіпті қандай тыңайтқаш себу керек екендігін анықтап береді. Елді мекендердегі су басу қаупі бар аймақтарды көрсетіп, алдын алу жұмыстарына атсалысады.
Жиын барысында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру тұрғысында «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы мен 4 бірдей компания арасында меморандумға қол қойылды.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.